Қазақстан шетелден келетін 39 азық-түліктің импортына шектеу енгізуі мүмкін

Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден келетін азық-түліктің 39 түріне шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Салалық ведомствоның inbusiness.kz сайтына берген жауабында шектеу азық-түліктің 39 түріне қатысты болмақ.
Олардың қатарында ұн, ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, қант, сусындар және тағы басқа да тауарлар бар.
Министрлік мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы отандық азық-түлік өндірушілерді қолдау аясын кеңейтуді ұсынды. Қазіргі уақытта шетелден келетін өнімдерді сатып алуды шектеуді көздейтін қаулы жобасы көпшіліктің талқылауына шығарылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, шетелдік өнімдерді сатып алуға толықтай тыйым салынбайды. Егер отандық өндірушілер конкурсқа қатыспаса немесе тендер өтпей қалса, мемлекеттік ұйымдар импорттық тауарларды сатып ала алады.
Дегенмен отандық кәсіпорындар тізімдегі барлық тауар түрлері бойынша мемлекеттік мекемелердің сұранысын толық өтей ала ма деген сұрақ әлі де ашық қалып отыр.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл тауарларды ұлттық режимнен алып тастау – ішкі өндірісті ынталандырудың бір құралы. Мемлекет тарапынан кепілді сұраныстың болуы кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттырeға мүмкіндік береді.
Бастаманы сала өкілдері де қолдап отыр. Қазақстанның қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Айжан Наурызғалиеваның пікірінше, шара қолданыстағы заңнамада қарастырылған.
«Ол бәсекелестікті шектеуге емес, ішкі нарықты қолдауға бағытталған», – деді ол.
Оның айтуынша, егер отандық тауар жетпей жатса, мемлекеттік мекемелер өнімді шетелдік жеткізушілерден әдеттегідей сатып ала береді.
Айта кетейік, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 15 млрд долларға жуықтады.