Қазақстандықтардың 70 пайызының мойнында кредит бар

Қазақстандықтардың 70 пайызының мойнында кредиті бар. Олардың басым бөлігі айлық табысының жартысынан астамын қарыз жабуға жұмсауға мәжбүр. Бұл туралы DEMOSCOPE бюросының өткізген сауалнамасынан белгілі болды.
Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, Қазақстанда несие мен қарызы бар азаматтардың үлесі өте жоғары: 72,7%-ға жеткен. Оның ішінде 39,7%-ының мойнында бір несие болса, 33%-ы бірнеше жерге берешек. Ал ешқандай несиелік міндеттемесі жоқтардың үлесі небәрі 27%-ды құрайды.
Халық арасында тұтынушылық несие ең көп таралған қарызға айналып отыр, бұл көрсеткіш кредит алғандардың 70,4%-ына тең.
Сондай-ақ несиесі бар жандардың жартысына жуығы (45,7%-ы) бөліп төлеу қызметін белсенді пайдаланады. Тұрғындардың өзге де қарыздарына тоқталсақ, 22,1%-ы туыстары, достарынан немесе ломбардтардан ақша алса, 14,4%-ы автонесиеге, ал 13%-ы ипотекаға жүгінген.
Адамдар несиені көбіне тұрмыстық техника сатып алуға (24,2%), үй жөндеу немесе құрылыс жұмыстарына (18,9%) және жалақыға дейін ақша жетпегендіктен (17,4%) рәсімдейді. Ал жеке бизнесін дамыту үшін несие алғандардың үлесі небәрі 7,8%.
Мұндай жағдай отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Кредиті бар респонденттердің 46,7%-ы ай сайынғы табысының жартысынан астамын берешегін жабуға жұмсайтынын айтқан. Бұдан бөлек, 24,5%-ы табысының ширек бөлігінен жартысына дейінгі мөлшерін, ал 20,3%-ы төрттен бір бөлігінен азын несиеге төлейді.
Қарыз жүктемесінің артуына байланысты биыл елде бірқатар шектеулер мен жаңа ережелер күшіне енбек.
Мәселен, 1 шілдеден бастап жаңа кредит алдында азаматтардың борыштық жүктеме коэффициенті мен қарыздың табысқа арақатынасы міндетті түрде ескеріледі.
Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық банк несиесінің сомасы 2200 АЕК (9,5 млн теңге), ал кепілсіз микрокредиттер үшін 1100 АЕК (шамамен 4,8 млн теңге) деңгейінде шектелді.
Бұған қоса, төлемі 90 күннен асып кеткен азаматтарға жаңадан кепілсіз тұтынушылық несие беруге заң жүзінде тыйым салынды.
Аталған әлеуметтік зерттеу ағымдағы жылдың 10-23 мамыры аралығында телефон арқылы сұрау салу әдісімен жүргізілді. Оған еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан 1100 адам қатысты.
Халықтың мойнында 27 трлн теңгеден аса қарыз болса, 90 күн бойы төленбей, мерзімі өтіп кеткен проблемалық несие (NPL) көлемі 1,72 трлн теңгеден асты.