
Қазақтың біртуар ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы деректі көркем фильмнің негізгі түсірілімі аяқталды. Бір күн бұрын продюсер Майя Бекбаева бастаған топ Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде Afterparty кешін өткізді.
Бұхарадан Қояндыға дейін
Уәлихановтың Атбасар округінің аға сұлтаны қызметіне таласқан сәті Қояндыда түсірілді. Ауыл Астана қаласынан 20 км жерде орналасқан.
Сайлаудың өзі 1862 жылы өткен. Шоқан саяси науқанда қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жеткен. Алайда ғалым осы қызметті ресми түрде атқара алмады. Себебі Батыс Сібір генерал-губернаторы Александр Дюгамель халық арасында беделі зор, еркін ойлы, хан тұқымынан шыққан Шоқанның аға сұлтан болуынан сескенді. Патшалық Ресей билігі сайлау нәтижесін бекітпей, қызметке аз дауыс жинаған Ерден Сандыбаевты тағайындады.

Уәлиханов аға сұлтан қызметін атқара жүріп білімді басшының халыққа қаншалықты пайдалы екенін көрсеткісі келген. Ағартушы осы ойын досы Федор Достоевскийге жазған хатында ашып айтқан.
«Фильмнің кейбір көріністері дәл осы жерде түсірілді. Табиғаты көркем, әсем де тыныш мекен шығармашылық жұмысымызға ерекше шабыт сыйлады», – деп сипаттады Қояндыны продюсер Бекбаева.
Естеріңізге сала кетейік, деректі фильмді түсіру Өзбекстанда басталған. Көрші елдегі Бұхара қаласында Шоқанның Қашқарияға сапары түсірілген.
Одан соң түсіру тобы Қосшы қаласы маңындағы локацияға ауысқан. Тайтөбе ауылында Уәлихановтың Ресейден елге оралып, Қазақстанды аралаған кезі түсірілген.
Шоқан Потанинге қазақша үйретті
Фильмде Уәлихановтың жақын досы Григорий Потанин рөлін Мәскеуден Қазақстанға көшіп келген Дмитрий Северин ойнайды. Құлмурзин оған қазақ тілін үйретіп жүр. Ол өзін Димабек деп атайды.
«Тіл мен мәдениетті терең меңгеру тарихи кейіпкердің болмысын жан-жақты ашуға мүмкіндік береді», – деп есептейді фильм ұжымы.
Деректі көркем фильмнің негізгі түсірілімі аяқталды. Ұжым 21 маусымда Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде Afterparty кешін өткізді. Шоқан Уәлиханов туралы фильмнің нақты қашан жарыққа шығатыны әзірге жарияланған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен екі апта бұрын атақты ғалым туралы фильмге түсетін актерлер құрамы жарияланған. Жобада Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа сынды танымал актерлер жұмыс істеген. Ал Шоқан рөліне 28 жастағы актер Ерлан Құлмурзин бекітілген. Бірақ оны «Шоқанның атқосшысы» деп сынаушылар табылған. Артынша продюсер Бекбаева дәл осы актерді не себепті таңдағанын түсіндіруге мәжбүр болған.