
Қазақстандықтардың 74%-ы жазғы демалыс кезінде де жұмыстан қол үзбейді. hh.kz платформасы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі демалыс кезінде жоқ дегенде әріптестерімен байланыста болып, жұмысқа қатысты хабарламаларға жауап беретінін айтқан.
Әр екінші қазақстандық жазғы демалысын алдын ала жоспарлаған
Жаз дәстүрлі түрде демалыс, саяхат және отбасылық тынығу маусымы саналады. Дегенмен қазақстандықтардың жұмысқа деген көзқарасы өзгеріп келеді. Көпшілік демалыс кезінде де хабарламаларды тексеріп, әріптестерімен байланыста қалады.
hh.kz платформасы 150-ден астам жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасында сауалнама жүргізді. Онда қазақстандықтардың 2026 жылғы жазғы демалысты қалай жоспарлап отырғанын және демалыс кезінде жұмыстан қаншалықты алшақтайтынын анықтап көрді.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 47%-ы жазғы демалысын алдын ала жоспарлап қойған. Тағы 21%-ы демалуды жоспарлағанымен, нақты күндерін әлі белгілемеген. Ал қатысушылардың 25%-ы жазда демалысқа шықпайтынын айтса, 8%-ы бұл мәселе бойынша әлі шешім қабылдамаған.
Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың көпшілігі үшін жазғы демалыс жылдың маңызды бөлігі болып қала беретінін көрсетеді. Алайда барлығы бірдей дәл осы маусымда демалысқа шығуды жоспарламайды немесе мүмкіндік таба алмайды.
Қазақстандықтар шетелде демалуды жиі таңдайды
Жазғы демалысты өткізудің ең танымал бағыты — шетелге саяхаттау. Сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы демалысын шетелде өткізуді жоспарлап отыр.
Тағы 18%-ы Қазақстанның басқа өңіріне баруды жоспарлайды. Мұндай демалыс түріне ішкі туризм де, туыстарға бару немесе ел ішінде саяхаттау да кіруі мүмкін.
Сауалнамаға қатысушылардың 16%-ы демалыс орнын әлі таңдамаған. Ал 8%-ы демалысты үйде немесе өз қаласында, 3%-ы саяжайда немесе қала сыртында демалуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар респонденттердің 21%-ы биыл жазда мүлдем демалысқа шықпайтынын айтқан.
Жазда да қызметкерлердің жұмысы көбеймесе, азаймайды
Демалыс маусымы басталғанына қарамастан, көптеген қызметкер үшін жаз мезгіліндегі жұмыс көлемі айтарлықтай өзгермейді. Сауалнамаға қатысқандардың 45%-ы осылай жауап берген.
Респонденттердің 25%-ы жұмыс жүктемесі аздап төмендейтінін айтқан. Ал 21%-ы керісінше, жазда жұмыс көлемі біршама артатынын, тағы 9%-ы айтарлықтай көбейетінін атап өткен.
Мұндай жағдайға бірнеше себеп болуы мүмкін. Әріптестердің демалысқа шығуына байланысты міндеттер басқа қызметкерлерге бөлінеді, сондай-ақ маусымдық жобалар мен жұмыс көлемінің артуы әсер етеді.
Көпшілік демалыс кезінде де әріптестерімен байланыста болады
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, демалыс кезінде де көп адам жұмыстан толық ажырай алмайды.
Респонденттердің 43%-ы демалыс кезінде шұғыл жұмыс мәселелеріне кейде жауап беретінін айтқан. Ал 31%-ы үнемі дерлік байланыста болатынын мойындаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 19%-ы демалыс кезінде жұмыс мәселелерімен өте сирек айналысатындар. Ал демалыс уақытында мүлде жұмыс істемейтіндер зерттеуге қатысушылардың небәрі 6%-ын құраған. Яғни, әр он адамның жетеуі ресми демалыста жүргеніне қарамастан, кем дегенде кейде жұмыс үдерістеріне араласуын жалғастырады.