Lifestyle

Алматы қуыршақ театры халықаралық фестивальде топ жарды

Алматы қуыршақ театрының "Ортеке" қойылымы
«Ортеке» жоғары бағаланды / фото: Алматы қуыршақ театры

Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Қазан қаласында өткен «Шомбай-fest – 2026» халықаралық фестивалінде Бас жүлде иеленді. Қуанышты хабарды ұжым әлеуметтік желіде жариялады.

Татарстан астанасындағы өнер мерекесіне Қазақстаннан, Африка елдерінен, Сербиядан, Ресейдің түрлі өңірлерінен келген театр ұжымдары жиналды. Байқауға 14 театр қатысып, 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері өнер көрсетті.

«Театр фестивальдің ең жоғары марапатына ұлттық құндылықтар мен қазақ мәдени мұрасын дәріптеуге арналған «Ортеке» спектаклі үшін ие болды», – деп таратты ұжым.

Қазылар алқасының төрағасы Давид Бурманның айтуынша, Алматы ұжымына Бас жүлдені беру туралы шешім бірауыздан қабылданған.

Алматы қуыршақ театрының "Ортеке" қойылымы
Қуыршақ театрының өнерпаздары / фото: Алматы қуыршақ театры
Алматы қуыршақ театрының "Ортеке" қойылымы
Қуыршақ театрының өнерпаздары / фото: Алматы қуыршақ театры

Сонымен бірге театр 2027 жылы Санкт-Петербургте өтетін «КУКART» халықаралық фестиваліне қатысуға шақырту алды.

Театрдың 90 жылдығына орай сахналанған «Ортеке» спектаклі көрермендерді қазақтың салт-дәстүрімен, ауыз әдебиетімен және ұлттық музыкалық мәдениетімен таныстырады.

Естеріңізге сала кетейік, осы театр 2025 жылғы желтоқсанда академия мәртебесін алған.