Ақтөбеде 100 адамның улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
«Тұмар» мейрамханасындағы тойдан 100-ден аса адам уланған / фото: Yandex

Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында 113 адам уланғаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Санитарлық ережелерді бұзды, гигиеналық нормативтер сақталмаған деген күдікпен сотқа дейінге тергеу басталды,

«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінен.

Қылмыстық Кодекстің 304 бабы бойынша, күдіктілер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе шектеуі мүмкін. Немесе айыпты тарапқа 2000 АЕК көлемінде (8 650 000 теңге) айыппұл салынады.

Қазір зардап шеккендер Ақтөбедегі жұқпалы аурулар ауруханасында және Мұғалжар аудандық ауруханасында жатыр. Облыстық әкімдің баспасөз-қызметінің мәліметінше, олардың жағдайы орташа, кейбірінің беті бері қараған. Жағдайдың мән-жайы анықталғанға дейін мейрамхана жабылды.

22 маусымда Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы тарағанын жазған едік. Бастапқыда 102 адам уланды деген хабар тарады, кейін олардың саны 113-ке дейін өсті. Барлығы мейрамханада тойда болған. Олардың 34-інде сальмонеллез жұқтыру ықтималдығы тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз