Lifestyle

«Бишарашки фильмі бишара қылып жіберді»: Еркебұлан Тоқтар неге шүйлікті

Еркебұлан Тоқтар / фото: instagram

Танымал отандық актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар өзі басты рөлдердің бірін сомдаған «Бишарашки» фильмінің ресми премьерасына кіре алмай қайтты. Ол инстаграм парақшасында мәлімдеме жасап, кинотеатрдағы күзет қызметіне ренішін білдірді.

Күзетшілердің дөрекілігі мен мәдениетсіздік

Еркебұлан Тоқтар кинотеатрға келген сәтте мыңға жуық көрерменмен бір сағаттай уақыт бойы суретке түскенін айтады. Одан кейін кино залына өтпекші болғанда, күзет қызметінің әрекеті актердің шымбайына батқан.

«Бәрімен суретке түсіп, залға қарай өтейін десем, мобилографым артта қалып қойыпты. Күзетшілерге «жігіттер, менімен бірге, өткізіп жіберіңдерші» десем, олар маған дөрекі сөйледі. Тіпті біреуі «түріңді жинап алшы» деді. Бұл сөз маған өте ауыр тиді», – дейді актер.

«Мұндай премьераның керегі жоқ»

Актер премьера сияқты маңызды шаралар өте мәдениетті түрде өтуі тиіс деп есептейді. Ол ұйымдастырушылар мен күзетшілер тарапынан өзара құрмет пен жылы қарым-қатынастың болмағанына қатты ренжіген.

«Премьера деген мәдениетті жер болу керек қой. Амандық-саулық, «аға, өтіңіз» деген сияқты сыйластық болуы тиіс. Ал олар айналаны айқай-шу қылып жіберді. Түсінбестіктен кейін мен ол жерден бірден кетіп қалдым. «Бишарашки» фильмі бізді бишара қылып жіберді. Мұндай премьераның барынан жоғы», – деп түйіндеді Еркебұлан Тоқтар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтардың Алматыда жекпе-жек өткізетінін жазған едік.