Депутат Мақсат Толықбай 6 миллиард теңгенің қалай желініп кеткенін әшкереледі (видео)

Депутат Мақсат Толықбай Қазақстанның бірнеше облысында салынуы тиіс жол құрылысына бөлінген 6 млрд теңгеге іздеу салды.
Оның айтуынша, бір топ депутат Қызыорда, Ақтөбе, Ақмола облыстарында жол салуға қыруар қаржы бөлдірткен. Бұл заң аясында бекітілген.
«Қысқасы, тендерді ұтып алған – қызыордалық «Дорстрой» деген компания. Ол жол салып бітірген жоқ. Керісінше, мемлекеттен түскен ақшаны шешіп алумен айналысты. Соңында компанияны банкрот деп жария салады. Кім ақымақ? Үкімет, мемлекет ақымақ», – дейді депутат.
Мақсат Толықбай аталған компанияның құрылтайшысын кабинетіне шақырған. Ол да өзін жәбірленуші екенін айтқан.
«Досқан Жүнісов бастаған бір топ компанияны рейдерлік әрекетпен тартып алған. Ол басында өзін ірі кәсіпкер ретінде таныстырады. «Компанияларының рейтингісі жақсы екен. Жоғарыда таныстыр көп. Сендерге жақсы тендер алып беруге көмектесемін. Ол үшін компанияның 70 пайызын менің атыма жазып бересің», – деп сендіріп, компанияның 70 пайызын атына аударып алады», – дейді депутат.
Мақсат Толықбайдың сөзіне қарағанда, сосын бұл компания жол салудың орнына түрлі құйтырқылық жасап, активтерді шығарумен айналысады.
«Қазіргі цифрлық заманда қаржының кімнің шотына түскенін анықтауға бір сағат уақыт жетеді. Бірақ қызылордалық тергеушілердің неге әрекетсіз отырғаны түсініксіз», – деп дабыл қақты ол.
Депутат тіпті жол салуға бөлінген қаражаттың жеке және заңды тұлғалардың шотына миллиондап аударылғанын да атап көрсетіп берді. Мақсат Толықбай осы істі жіті тексерді сұрап отыр.
«Біз жолдың құрылысына бөлдірткен миллиардтаған теңге желініп кетті. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Президент әкімшілігі, ҚМА, барлықтарыңызға жаңа ғана ресми хат жолданды. Осы істі жіті бақылауға алуларыңызды сұраймын. Қазір республикалық деңгейде алаяқтықтың жаңа схемасы жүріп жатыр», – деп мәлімдеді депутат.
Мақсат Толықбай мұның алдында автомектептердегі жемқорлық, заңсыз ақша айналымы мәселесін көтеріп, жылына жиналатын 5,6 млрд теңгенің кімнің қалтасына кетіп жатқанын тексеруді сұраған еді.