«Қазақстан Ғарыш Сапары» Еуропамен бірігіп су үнемдейтін жоба бастайды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Қазақстан ғарыш сапары
фото: Yandex

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мен ауыл шаруашылығындағы спутниктік аналитикаға маманданған люксембургтік «Hydrosat» компаниясы бірлескен қызмет туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат аясында елімізде ғарыштық технологиялардың көмегімен су ресурстарын тиімді басқару қолға алынады.

Екі жақ бірлесіп «Copernicus және Hydrosat қолдану арқылы Қазақстандағы су ресурстарын басқару» деп аталатын пилоттық жобаны жүзеге асырады. Негізгі мақсаты – ғарыштан алынған нақты мәліметтер арқылы егістіктерді суару жүйесін ретке келтіру және суды ысырапсыз, тиімді пайдалану.

Бастама аясында люксембургтік серіктес өзінің заманауи спутниктік технологиялары мен аналитикалық бағдарламаларын ұсынады. Осы жүйенің көмегімен жердің ылғалдылығы, судың булану деңгейі және ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйі ғарыштан тапжылмай қадағаланып отырады.

Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» бұл технологияларды Жамбыл облысындағы пилоттық аймақтарда қолданысқа енгізеді. Отандық мамандар жергілікті шаруалармен тікелей байланыс орнатып, далалық жұмыстарды үйлестіреді және қажетті құрал-жабдықтардың жұмысын қамтамасыз етеді.

Егер бұл сынақ жобасы Жамбыл облысында сәтті нәтиже берсе, тараптар бұл тәжірибені бүкіл Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттеріне таратуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ болашақта үкіметаралық деңгейде осы бағытта тұрақты жұмыс істейтін арнайы бірлескен кәсіпорын құрылуы мүмкін.

Бұған дейін Тоқаев су тапшылығы мәселесін цифрландыру және заманауи су үнемдейтін технологиялар көмегімен шешуге болады деп тапсырма берген еді. Депутаттардың дерегінше, қазір елдегі су ресурстарын тиімді игере алмасақ, 5-6 жыл ішінде су тапшылығы қатты сезіле бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз