ҚФФ «Елімай» – «Ордабасы» матчындағы жанжалға қатысушыларды жазалады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
ҚФФ «Елімай» – «Ордабасы» матчындағы жанжалға қатысушыларды жазалады / Фото: ҚФФ

«Елімай» және «Ордабасы» командалары арасындағы матчта жанжал туғызып, оны ушықтырған футболшылар, бапкерлер мен төреші жазаланды, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.

Бақылау, тәртіптік және әдеп комитеті «Елімай» ойыншысы Жан Али Пайрузды 15 маусымнан бастап төрт матчқа шеттету туралы шешім қабылдады. ҚФФ мәліметінше, футболшы алаң ортасында бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекеттенген.

Команданың бас бапкері Андрей Карпович те дәл сондай мерзімге шеттетілді. Ол матчтың ресми тұлғасының әрекеттеріне агрессивті түрде келіспеушілік білдірген, сондай-ақ ойыннан кейін беделге нұқсан келтіретін сипаттағы мәлімдемелер жасаған.

Клубтың басқарушы директоры Фёдор Симинидиге 24 маусым мен 1 қазан аралығында команданың қатысуымен өтетін матчтарға баруға тыйым салынды. Сондай-ақ, ол 23 шілдеге дейін 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, клуб мынадай айыппұлдар төлеуі тиіс:

  • жанкүйерлердің мінез-құлқы – матчтың ресми тұлғаларының мекенжайына балағат сөздер айту, төрешіге заттар лақтыру және төрешілер шешінетін бөлмеге бөгде адамның кіріп кетуі үшін – 300 АЕК (1 297 500 теңге);
  • команданың мінез-құлқы – матчта ойыншының және команданың екі өкілінің алаңнан қуылғаны үшін – 100 АЕК (432 500 теңге).

Сондай-ақ, федерация матчтан кейін «Елімай» клубына балағат сөздер айтқаны үшін төреші Арман Есмұратовты жұмыстан уақытша шеттетті. Шеттету 24 маусымнан 1 қазанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, осыған дейін Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз