Ресейдің Қазақстанмен шекаралас екі облысында бензинге шектеу енгізілді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ресейдің энергетика нысандарына жасалған шабуылдар бензин тапшылығын тудырды / фото: shutterstock

Ресейдің Омбы облысында бензин мен дизель отынын сатуға шектеу енгізілді. Бұл туралы осы өңірдің губернаторы Виталий Хоценко телеграм-арнасында хабарлады. Саратов облысының билігі де осындай шектеу енгізген.

Омблы облысы Қазақстанның Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр.

Хоценко белгілеген тәртіп бойынша, өңірде жанармай бекеттерінде бір көлік 40 л бензин және 80 л дизель отынын сатып ала алады. Ал күре жолдардағы бекеттерде 40 л бензин мен 200 л дизель ғана сатылады. Сұйық газға шектеу жоқ.

Губернатор мұндай шараны «қолдан жасалған тапшылықты болдырмас үшін» қабылданғанын мәлімдеді.

Ресейдің Саратов облысында да бензин саудасына уақытша шектеу енгізілгені мәлім болды. РБК дерегінше, Батыс Қазақстанмен шектесіп жатқан осы өңірде бір көлікке 30 л бензин ғана сатылады. Шектеу 23 маусымда басталып, ай соңына дейін жалғасады. Саратов губернаторы Роман Бусаргин оны мәжбүрлі шара деп түсіндірген.

Көрші елдің басқа да өңірлерінде жанармайға шектеу енгізіліп жатыр.

Кейінгі уақытта Украина Ресейдің энергетика нысандарына соққы жасауды жиілетті. Дрондар, әсіресе, мұнай өңдеу зауыттарын нысанаға алды. Мәселен, 18 маусымда жүздеген украин дроны Ресей астанасына жетіп, сондағы мұнай зауыты өртеніп, Мәскеуді қара түтін басқан.

Сондай-ақ оқыңыз