Жайық өзеніне 1 миллионнан астам бекіре тұқымдас балық шабағы жіберіледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 1 миллионнан астам шабағын жіберді. Бұл туралы ведомсвтоның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жұмыс Қазақстанның Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық міндеттемелерін орындау мақсатында жүзеге асырылды.
Қолданылып отырған биотехнология басқа балық өсіру кәсіпорындарында бекіре өсіру үшін пайдаланылатын әдістерден ерекшеленеді. Бұл жерде шабақтардың өміршеңдігі мен табиғи ортаға бейімделуі жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.
Атап айтқанда, өсіру тоғандарында өсіру әдісі табиғи жағдайларға барынша ұқсас. Мәселен, тоған жағдайында өсірілген шабақтар қоректі өздігінен табады, температуралық және гидрологиялық өзгерістерге жақсы бейімделеді және табиғи су айдындарына жіберілгеннен кейін өміршеңдігі едәуір жоғары болады.
2026 жылға арналған бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарымен толықтыру жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау жұмыстары мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және балық шаруашылығы субъектілерінің қатысуымен жүйелі негізде жалғасып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында заңсыз бекіре тұқымдас балығын аулағандар ұсталған еді.