ЭЦҚ арқылы жеке кабинетке кіру тәртібі өзгерді

Енді ЭЦҚ арқылы Ұлттық куәландырушы орталығының жеке кабинетіне кіру үшін қосымша растаудан өту қажет. Пайдаланушылар SMS-код немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы жеке басын растауға тиіс.
Ұлттық куәландырушы орталықтың (ҰКО) жеке кабинетіне кіру кезінде екі факторлы аутентификацияны енгізілді. Жаңа жүйе пайдаланушылардың есептік жазбаларының қауіпсіздігін күшейтіп, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) рұқсатсыз пайдаланудан қорғауға бағытталған.
Яғни жүйеге кіру кезінде пайдаланушылар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен кілт құпиясөзінен бөлек, қосымша растаудан өтуі қажет. Ол үшін бір реттік SMS-кодты немесе eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық жеке куәліктен алынатын кодты енгізу керек.
«Бұл механизм Мобильді азаматтар базасында телефон нөмірі тіркелмегендіктен Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға қолданылмайды», – делінген хабарламада.
Қосымша тексеру кезеңі пайдаланушылардың аккаунттарын қорғауға және жеке деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу үшін жасалып отырған шара.
Бұған дейін eGov.kz электрондық үкімет порталы мен оның құрамдас бөліктерінде (eOtinish сервисі, «Ашық үкімет» порталы) авторизациялау тәртібі жаңарды. Содан бастап азамат ЭЦҚ арқылы жүйеге кіргеннен кейін, өзінің жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы қажет.