Алаяқтар ақылы жолдарға төлем сұрап, жүргізушілерді алдауға көшті

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге KazToll атынан келетін жалған SMS-хабарламалар туралы ескерту жасады.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, KazToll қызметінің атынан алаяқтық хабарламалар таратылып жатыр.
Соңғы уақытта жүргізушілерге ақылы жолдармен жүргені үшін берешекті өтеу қажет деген мазмұндағы SMS-хабарламалар келе бастаған. Мұндай хабарламаларда күмәнді сілтемелер, соның ішінде KazToll-дың ресми ресурсына ұқсас жалған сайттар көрсетіледі.
«Назар аударыңыз. Ақы алу жүйесінің ресми сайты – kaztoll.kz. kaztoll.nbvntrqz.cfd/com және осыған ұқсас өзге де интернет-ресурстар KazToll қызметіне және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ға еш қатысы жоқ. Мұндай сілтемелерге өту жеке деректердің, банк картасы туралы ақпараттың және қаражаттың ұрлануына әкелуі мүмкін», – делінген компанияның ақпаратында.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерден цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрап отыр. Олар – күмәнді SMS-хабарламалар мен мессенджерлердегі сілтемелерге өтпеу, белгісіз сайттарға банк картасының деректерін, ЖСН, құпиясөздерді және SMS-кодтарды енгізбеу, төлем жасамас бұрын сайт мекенжайын міндетті түрде тексеру.
Жол жүру ақысын тек ресми kaztoll.kz сайты арқылы төлеу ләзім. Күмәнді хабарлама алған жағдайда оған жауап бермеген жөн. Жеке деректеріңізді жібермеу керек.
Айта кететін жайт, «ҚазАвтоЖол» жолдарды жөндеуге 93 миллиард теңге несие алып отыр.