Астанада лифттерді бүлдірген ер адам ұсталды

Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінде екі лифтті зақымдаған 34 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды елорда әкімдігі. Елордалық полицияның мәліметінше, ер адам алкогольдік мас күйде болып, үйдің ортақ мүлкін қасақана бүлдірген.
Ведомствоның хабарлауынша, тәртіп бұзушы алдымен бір лифттің, содан кейін екінші лифттің есігін сындырған. Ол есіктерді қолымен ашып, теуіп, соққы жасаған, соның салдарынан көтеру жабдықтары істен шыққан.
Материалдық шығын көлемі 1,5 млн теңгені құрады.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды.
Полиция бөтеннің мүлкіне кез келген қолсұғушылық Қазақстан заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Бұған дейін Тәуелсіздік даңғылы, 21/9 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде екі лифт кабинасын бүлдірген ер адамның видеосы әлеуметтік желілерде тарағанын жазған едік. Астана қалалық полиция департаменті ол кезде көппәтерлі үйдің ортақ мүлкін бүлдіру фактісі бойынша тексеріс басталғанын хабарлаған еді.