Демалыс үйлерін жалға алуға қатысты жаңа алаяқтық схемасы пайда болған

Полицейлер қазақстандықтарға демалыс үйлерін жалға алуға қатысты жаңа «маусымдық» алаяқтық схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы маусымның басталуымен үй, коттедж және пәтер жалға алуға деген сұраныс артып келеді, алаяқтар мұны белсенді түрде пайдаланып, желіде жалған хабарландырулар орналастыруда.
«Әдетте, схема былай көрінеді: әлеуметтік желілерде демалыс үйлерін жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялайды, әлеуетті клиенттерге тұрғын үйдің бос екенін хабарлайды және тартымды фотосуреттер жібереді. Сенім ұялату үшін интернеттен алынған объектілердің нақты мекенжайлары мен суреттерін пайдаланады. Содан кейін алаяқтар «бронь» үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді, ал ақшаны алғаннан кейін қандай да бір мәселелер (бұзылу, жөндеу, техникалық ақаулар) туындағанын айтады. Осыдан кейін байланысты үзіп, жауап бермей қояды», – деп хабарлады Абай облысының ПД.
Полиция алаяқтардың құрбаны болмау үшін келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
- Белгісіз адамдарға алдын ала төлем жасамау.
- Тек ресми брондау платформаларын немесе тексерілген агенттіктерді пайдалану.
- Объект туралы ақпаратты тексеру.
- Мекенжайды карталар мен ресми сервистер арқылы нақтылау.
- Егер объект күмән тудырса – брондаудан бас тарту.
- Фотосуреттерді тексеру.
- Алаяқтар жиі интернеттегі суреттерді пайдаланады, оларды кері іздеу (обратный поиск) арқылы тексеруге болады.
- Байланыс мәліметтерін тексеру.
- Ресми құжаттардың болмауы және тек бір ғана телефон нөмірінің көрсетілуі – қауіпті белгі.
- Тым төмен бағалардан сақтану.
- Нарықтық құннан айтарлықтай айырмашылық көбіне алаяқтықты көрсетеді.
«Алаяқтар адамдардың демалысты ұйымдастыруға асығатынын және ақпаратты әрдайым мұқият тексере бермейтінін пайдаланады. Бұл қаржылық шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Полиция азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жалға алудың барлық шарттарын алдын ала тексеруге шақырады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін алаяқтар ақылы жолдарға төлем сұрап, жүргізушілерді алдауға көшкенін жазған едік.