Жазғы спорт

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тарихи алтын жеңіп алды

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тарихи алтын жеңіп алды / Фото: Федерация

Стендтік атудан Қазақстан әйелдер құрамасы Зульде (Германия) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихта тұңғыш рет жеңіске жетті.

Элеонора Ибрагимова, Мария Горун және Милана Папчихинадан құралған Қазақстан командасы 337 ұпай жинап, қыздар арасындағы «Трап» жаттығуында барлық бәсекелестерін басып озды. Туризм және спорт министрлігі хабарлауынша, бұл алтын отандық стендтік ату тарихында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлде болды.

Биыл бұл турнирге әлемнің 63 елінен 778 спортшы қатысып жатыр, оның 26-сы Қазақстан атынан өнер көрсетуде. Осы турнирде елдің тағы бір өкілі алтын әкелді. 19 жастағы астаналық Асылым Жақия 25 метр қашықтықтан тапаншадан атудан әлем чемпионы атанды. Асылым 554 ұпай жинап, алтын үшін күресте барлық қарсыластарын артқа қалдырды.

Айта кетейік, Зульдегі жарыс 26 маусымға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында бұл турнирде 2 алтын және 2 күміс бар.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында алғаш рет нысана көздеуден аралас командалық жарыс – Александра Лемен Ислам Сәтпаев қола жүлде ұтып алған еді.