Қазақстандық банктер енді әмбебап лицензия алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк саласын жаңғырту мақсатында 82 жаңа нормативтік құқықтық актіні қабылдауды жоспарлап отыр. Жаңа реформа аясында банктерді лицензия түріне қарай саралап реттеу, цифрлық активтер мен ислами қаржыландыруды бақылауға қатысты нақты ережелер енгізіледі. Сонымен қатар төлем қабілетінен айырылған банктерді сауықтырудың кешенді механизмі жасалып, банк секторын қадағалауға жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары тартылмақ.
Бұл ауқымды жұмыс үш кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезеңде банктер туралы жаңа заңды орындау үшін 68 құжат қабылданып үлгерді. Екінші кезеңде банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу, қадағалау және қаржы омбудсмені институтына қатысты 12 акт мақұлданады. Ал қорытынды кезеңде қаржы ұйымдарының деректер базасын қалыптастыруға және жаңартуға арналған 2 құжат қабылданады.
Реформаның басты бағыттарының бірі – банктерді саралап реттеу. Қазіргі жұмыс істеп тұрған банктердің лицензиялары әмбебап банк лицензиясына қайта рәсімделеді. Бұл екінші деңгейлі банктердің жұмысын бірыңғай құқықтық режимге келтіру үшін қажет.
Ал базалық лицензиясы бар банктер үшін активтердің ең жоғары көлемі мен жеке тұлғалардан тартылатын депозиттердің шекті мөлшері бекітіледі.
Цифрлық қаржылық активтермен жасалатын операциялардың тәуекелдерін дұрыс есепке алу үшін пруденциялық талаптар өзгереді.
Агенттік пен Ұлттық Банк бірлесіп банктердің цифрлық активтермен (оның ішінде стейблкоиндермен) мәміле жасау ережесін бекітеді. Мұндай операциялар тек реттелетін цифрлық платформалар арқылы ғана және қатаң бақылаумен жүзеге асырылуы тиіс.
Шариғат жолымен қаржыландыру талабы бекітіледі
Исламдық банк қызметін реттеу де жаңа деңгейге көтеріледі. Әмбебап лицензиясы бар банктердегі ислам терезелері үшін жеке пруденциялық талаптар енгізіледі.
Ислами операцияларды жүргізу үшін бөлінетін активтердің ең төменгі көлемі 1 миллиард теңгеден кем болмауы шарт. Сондай-ақ, дәстүрлі және исламдық операциялар үшін өтімділік коэффициенттері бөлек есептеліп, жоғары сапалы исламдық құнды қағаздар жоғары өтімді активтер тізіміне енгізіледі.
Ірі банктер өз шығынын өзі жабуға тиіс
Төлем қабілеті нашарлаған банктерді реттеу үшін арнайы дағдарысқа қарсы жүйе құрылады. Осы бағытта банк қаржысының нашарлау деңгейіне қарай кезекпен қолданылатын 9 нормативтік акт әзірленеді. Жүйелі маңызды банктер мемлекет көмегіне жүгінбес бұрын өз шығындарын өздері жабуға міндеттеледі.
Егер мемлекет қолдау көрсетсе, банк акциялары кейіннен жаңа инвесторға сатылады. Мемлекеттің шығындары банк секторы міндеттемелерінің 0.2 пайызынан аспайтын мөлшердегі банктердің міндетті жарналары есебінен өтелетін болады.
2026 жылы банктердің тәуекелдерін басқару және қадағалау жүйесі де күшейтіледі. Банктердің директорлар кеңесі мүшелерінің тәуелсіздік критерийлері нақтыланып, олардың тәуелсіздік декларациясын тапсыруы талап етіледі.
Сонымен қатар, ішкі бақылау, тәуекел-менеджмент және аудит қызметі басшыларының жұмыс өтіліне қойылатын талаптар қатаңдайды. Ислами қаржыландыру қағидаттарын бұзу тәуекелдерін бақылау үшін арнайы кеңес пен мамандандырылған бөлімшелер құру міндеттеледі.