Синтетикалық есірткі саудасын басқарған күдікті Польшадан Қазақстанға жеткізілді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Есірткі саудасын басқарған күдікті Польшадан Қазақстанға жеткізілді
Есірткі саудасын басқарған күдікті Польшадан Қазақстанға жеткізілді / фото: shutterstock

Есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топ құрып, оны басқарған Украина азаматы Польшадан Қазақстанға экстрадицияланды. Бас прокуратураның мәліметінше, ол «Kaef Mafia» интернет-дүкені арқылы есірткі және психотроптық заттар сатып отырған.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні елге қайтарды. Ауқымды іске Қазақстанның Польшадағы Елшілігі де қатысты.

Күдіктіге синтетикалық есірткі мен психотроптық заттарды саудалаған ірі қылмыстық топ құрып, оны басқарды деген айып тағылып отыр.

«Қылмыстық әрекет нәтижесінде банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаражат өткізілді, олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылды, бірақ кейіннен қабылданған шаралар арқылы мемлекет пайдасына тәркіленді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар жедел іс-шаралар барысында осы қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 кг есірткі және психотроптық заттар алынды.

Қылмыстық топ мүшелері қолға түсіп, бір бөлігі сотталған. Ал топты құрған күдікті полицейлерден бой тасалаған соң, оған халықаралық іздеу жариялаған.

«Өткен жылдың желтоқсанында ол Польша аумағында ұсталды, сол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамалды. Оған айып тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Бұған дейін 2006 жылы топ болып қарақшылық жасаған Қазақстан азаматын Ресейден экстрадицияланды. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз