Тоқаев Брюссельде Алатау «ақылды қаласы» жобасын таныстырды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Брюссельде Алатау «ақылды қаласы» жобасын таныстырды / Фото: Ақорда

Брюссельде өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау «ақылды қала» жобасын стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән берілетінін мәлімдеді. Жаңа Конституцияға сәйкес, бұл шаһар айрықша құқықтық мәртебеге ие болды.

Президенттің айтуынша, бұл ауқымды жоба криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне даңғыл жол ашады. Алатау қаласы жаһандық капитал мен озық технологиялық алпауыттар үшін тартымды хаб ретінде дамымақ. Жалпы, Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру — басты стратегиялық міндет. Осы мақсатта елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен арнайы кеңес құрылды.

Сонымен қатар, Қазақстан – әлемдік NVIDIA технологиясы негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан өңірдегі алғашқы ел. Сондай-ақ елімізде ірі технологиялық инвесторларды тарту мақсатында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жасақталды.

Білім беру саласында да жаңашылдықтар аз емес. Alem.ai халықаралық орталығының жанынан Tumo және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылып, дербес білім беру стандарттары енгізілуде.

Мемлекет басшысы еуропалық бизнес өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктерін де таныстырды. АХҚО өз өңірінде үздік қаржы орталығы ретінде танылып, бүгінде онда 90-нан астам елдің 5800-ден аса компаниясы тіркелген. Қаржы орталығы арқылы еуропалық компаниялар Қазақстанға 307 миллион доллар тікелей инвестиция салды. Президент Еуропаның қаржы институттарын АХҚО-мен бірге финтех саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Еліміздің тағы бір басымдығы – агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру. Еуропалық серіктестер мал шаруашылығы, астық селекциясы және жер игерудің дәлме-дәл технологиялары бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырылды.

Қазақстан білімге негізделген экономика құруды көздейді. Қазірдің өзінде елде 40-қа жуық халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр және Horizon Europe бағдарламасының қауымдастырылған мүшелігіне өтуге өтініш берілді.

Қорытындылай келе, Қазақстан еуропалық инвестиция мен технологияға айырбас ретінде өзінің маңызды қазба байлықтары мен қуат ресурстарын ұсынуға әзір. Ел үкіметі жоғары технологиялық бағыттағы барлық коммерциялық ұсыныстарды жедел іске асыруды қолға алады.

Сондай-ақ оқыңыз