Уәде етілген AI-жобалар сол күйі салынбай қалуы мүмкін, оған не себеп?

Жарияланды
Фото: Akashi Data Center

Соңғы екі жылда жасанды интеллект әлемдегі ең басты инвестициялық тақырыптардың біріне айналды. Технологиялық алпауыттар алып AI-кластерлер салып жатқанын жариялап, мемлекеттер ұлттық бағдарламаларды іске қосуға кірісті. Ал инфрақұрылымға құйылып жатқан инвестиция көлемі жүздеген миллиард доллармен өлшенеді.

Алғашқы көзқараста бұл бәйгедегі басты шектеу – ақша сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе мүлдем басқа мәселе алдымыздан шығып жатыр: капитал табуға болады, ал дайын инфрақұрылым табу әлдеқайда қиын.

Қазіргі заманғы AI-жобалар алгоритмнен немесе чиптерді сатып алудан басталмайды. Оның артында сырт көзге онша көрінбейтін, бірақ өте маңызды сұрақтар тұр. АІ-жобалар үшін қажет ондаған немесе жүздеген мегаватт электр энергиясын қайдан алуға болады, желілерге қалай тез қосылу керек, нысанды қай жерге орналастырған жөн? Оны қалай салқындатамыз, жанында магистральдық байланыс арналары бар ма және алаңды инженерлік тұрғыдан дайындауға қанша жыл уақыт кетеді?

Дәл осы факторлар бүгінде AI нарығының дамуын тежеп тұрған жаңа кедергілерге айналып отыр.

AI-ға тек чиптер емес, мегаваттар да қажет

Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, 2024 жылы дата-орталықтар шамамен 415 ТВт·сағ электр энергиясын тұтынған, бұл – әлемдік үлестің шамамен 1,5%-ы. 2030 жылға қарай көрсеткіш екі есе өсіп, 945 ТВт·сағ-қа жетуі мүмкін. Бұл Жапонияның қазіргі жылдық электр энергиясын тұтыну көлемімен тең. ХЭА-ның атап өтуінше, жасанды интеллектке бағытталған типтік дата-орталық 100 мың үй шаруашылығына тең энергияны қажет етеді, ал қазір салынып жатқан ең ірі нысандар бұдан 20 есе көп сұрайды.

Басқаша айтқанда, AI-кластер жай ғана IT-нысан болудан қалды. Энергетикалық профилі жағынан ол барған сайын ірі өнеркәсіптік зауытқа ұқсап барады.

Бірақ мұнда бір мәселе бар. Мыңдаған чиптердің тоқтаусыз жұмыс істеп, деректерді өңдеу жылдамдай түсті, бірақ оған энергия өндіретін инфрақұрылымдардың дамуы ілесе алмай жатыр.  Модель құру, қаржы тарту немесе серверлік қуаттарды жалға алу салыстырмалы түрде жылдам атқарылатын шаруа. Ал кіші электр станциясын салу, желілерді күшейту, қосылуға рұқсат алу және тұрақты қуат көзін қамтамасыз ету – жылдарға созылатын жұмыс.

ХЭА деректері бойынша, жоспарланған дата-орталықтардың шамамен 20%-ы электр желілерінің шектеулеріне байланысты кешігеді деген қауіп бар. Дамыған елдерде жаңа электр желілерін салу 4–8 жылға созылуы ықтимал, оның үстіне трансформаторлар мен кабельдер сияқты маңызды жабдықтарды жеткізу мерзімі соңғы үш жылда екі есеге ұзарды.

Ескі хабтардың мүмкіндігі таусылып жатыр

Классикалық дата-орталық хабтары, Лондон, Франкфурт, Амстердам, Дублин, Сингапур, ұзақ уақыт бойы цифрлық инфрақұрылымның табиғи ошағы саналып келді. Бірақ бүгінде олардың өзі дамудың физикалық шегіне тірелді.

CBRE агенттігінің сарапшылары Global Data Center Trends 2025 есебінде электр энергиясының тапшылығы негізгі нарықтарда дата-орталықтарды дамытудың басты кедергісі болып қала беретінін жазады. Осының аясында 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша әлемдегі бос қуаттардың үлесі 6,6%-ға дейін төмендеді, ал сұраныс жаңа нысандардың іске қосылу қарқынынан әлдеқайда жылдам өсіп келеді.

Еуропадағы жағдай бұл процесті өте анық көрсетеді. Лондонда West London ауданындағы кейбір жаңа жобалар кіші электр станцияларының жаңартылуын 2030 жылға дейін немесе одан да ұзақ күтуге мәжбүр. Франкфуртте операторлар бос энергия қуатын іздеп, бұрынғы бұлтты инфрақұрылым аймақтарынан (cloud availability zones) 50–65 шақырым ұзап кетуге мәжбүр болып отыр. 

Сингапурда бос қуаттардың үлесі 2% деңгейінде ғана тұр, елде жаңа нысандарды іске қосу экологиялық және реттеушілік талаптармен шектелген. Осы себепті сұраныс біртіндеп көршілес нарықтарға, соның ішінде Малайзияның Джохор аймағына ауысып жатыр. Ол жерде жер телімі мен энергия қуатын табу оңайырақ әрі нысанды орналастыру құны айтарлықтай төмен. Нәтижесінде,  біртіндеп «қай жерде орналасқан тиімді» деген жоспардан «қолайлы мерзімде қуат көзін қай жерден алуға болады» деген логикаға көшуде.

Салқындату мен байланыс та негізгі мәселеге айналды

Есептеулердің тығыздығы жоғарылаған сайын, жабдықтардан бөлінетін жылу да көбейеді. Бұл жасанды интеллект жүктемелері үшін өте маңызды: GPU-серверлері бар тіректер дәстүрлі корпоративтік серверлерге қарағанда мүлдем басқа инженерлік архитектураны қажет етеді.

Бір аймақтарда су тапшылығы қолбайлау болса, басқаларында әуе арқылы салқындатуға кететін электр қуатының құны қымбат, ал үшінші бір өңірлерде мұндай жоғары жылу жүктемесіне төтеп бере алатын нысан салудың физикалық мүмкіндігі жоқ.

Бұған телекоммуникациялық инфрақұрылымды құруға қатысты мәселелер де қосылады. AI-кластерлер оқшауланған кеңістікте өмір сүрмейді: оларға халықаралық байланыс арналары, деректердің жылдам берілуі, резервтік жүйелер мен ірі нарықтарға шығу мүмкіндігі қажет. Сондықтан қазіргі заманғы дата-орталық – жай ғана серверлер тұрған ғимарат емес. Ол бос энергия қуатын, озық телекоммуникацияны, күрделі инженерлік шешімдер мен құрылысқа қолайлы жер телімдерін талап ететін өте күрделі инфрақұрылымдық нысан.

Жарияланған және іс жүзінде жүзеге асқан AI-жобалардың арасындағы басты алшақтық та дәл осы жерде пайда болады.

Таяу жылдары көптеген жоспарлар қайта қаралып, кейінге шегеріледі немесе мүлдем басқа елдерде жүзеге асырылады. Бұл жасанды интеллектке деген қызығушылық төмендегендіктен немесе ақша таусылғандықтан емес, нарықтың жоспарына қарағанда физикалық инфрақұрылымның әлдеқайда баяу дамитындығынан болады.

Тіпті ең ірі технологиялық алпауыттардың өзі инфрақұрылымдық жобаларының мерзімі мен географиясын қайта қарай бастады. Мысалы, 2025 жылы TD Cowen сарапшылары Microsoft компаниясының бірнеше жүз мегаваттық дата-орталықтарды жалға алу келісімшарттарының бір бөлігін тоқтатқанын немесе қайта қарағанын хабарлады.  Бұл туралы Barron’s және New York Post басылымдары жазды. Дегенмен Microsoft-тың өзі AI-инфрақұрылымына ірі инвестиция салуды жалғастыратынын мәлімдеуде. Яғни бұл бағыттан бас тартты деген сөз емес, керісінше нысандарды орналастыру мерзіміне, орнына және форматына әлдеқайда прагматикалық тұрғыдан қарай бастағанын білдіреді.

Жаңа аймақтардың бағы жанады

Егер бұған дейін компаниялар қалыптасқан цифрлық хабтарға ұмтылса, қазір назар кем дегенде мынадай төрт талапқа сай келетін жаңа локацияларға ауысып жатыр: қолайлы жер телімдерінің болуы, бос электр қуаты (немесе оны тез арада арттыру мүмкіндігі), желілік байланыс деңгейі және дата-орталықтың қалыпты жұмысына қажетті инфрақұрылымды жылдам іске қоса алу қабілеті. Мұндай нарықтар үшін үлкен мүмкіндіктер терезесі ашылып жатыр, ал Қазақстан дәл осы санатқа жатады.

Еліміз Еуропа мен Азияның ең ірі нарықтарының ортасында орналасқан, инфрақұрылымды орналастыру үшін ауқымды аумақтарға ие және энергетикалық қуаттарды дамыту әлеуетін сақтап отыр. Сонымен қатар, бұл өңір есептеуіш ресурстарды орналастыру үшін балама алаңдар іздеп жатқан халықаралық компаниялардың назарына барған сайын көбірек ілігуде.

Астанада Akashi Data Center құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан халықаралық баспасөзде Орталық Азиядағы ең ірі және аймақтағы алғашқы Tier IV деңгейлі дата-орталық ретінде сипатталады. Economic Times басылымының мәліметінше, жоба 4 мың серверлік тірекке есептелген. Бұл Қазақстанның қазіргі уақытта 3,8 мың тірек деп бағаланатын есептеуіш қуатын екі есеге көбейтеді. 

Компанияның өз деректері бойынша, Akashi-дің алғашқы модулі іске қосылмай тұрып-ақ 125%-дан астамы брондалып қойған. Бұл нарықтағы сұраныстың сипатын көрсетеді: қазір нарыққа болашақ қуат туралы таныстырылымдар емес, жабдықтарды орналастырып, дамуды жоспарлауға болатын нақты алаңдар қажет.

Мұндай жобалардың маңызы жергілікті нарық шеңберінен шығып кетеді. Халықаралық клиенттер үшін Қазақстан Франкфурт, Лондон немесе Сингапурдың орнын басатын балама емес, қосымша инфрақұрылымдық тірекке айналуы мүмкін. Бұл, әсіресе, қуат көздерінің қолжетімділігі, аймақтық байланыс, жүйені сақтандыру және географияны әртараптандыру маңызды болатын міндеттер үшін өте тиімді.

Әлемдік экономикадағы жаңа тапшылық

Болашақтың жаһандық AI-инфрақұрылымы шамадан тыс жүктелген бірнеше хабтарда ғана шоғырланбайтын сияқты. Ол аймақтарға көбірек бөлінетін болады. Жүктемелер мен есептеуіш қуаттардың бір бөлігі ірі қаржы және технологиялық орталықтардың жанында қалса, тағы бір бөлігі энергияны, жерді, салқындатуды қамтамасыз ету және іске қосу мерзімдері жеңілірек аймақтарға ауысады.

Дәл осы себепті, «нысанды қай жерде салу керек» деген сұрақ «қандай чиптермен есептеу керек» деген сұрақпен тең дәрежеде маңызды болып отыр.

Жасанды интеллекттің болашағы тек модельдердің сапасымен және GPU-серверлерінің өнімділігімен ғана шектелмейді. Ол барған сайын қарапайым дүниелерге: бос мегаваттарға, қолжетімді алаңдарға, суға, кіші электр станцияларына, оптикалық байланысқа, рұқсат қағаздарына және жобаны жұмыс істеп тұрған нысанға айналдыра алатын инженерлік топтарға тәуелді болып барады.

Қазіргі AI серпілісінің басты парадоксы да осында. Есептеуіш қуаттарға деген сұраныс бұрын-соңды мұндай жоғары болған емес. Бірақ дәл осы кезде цифрлық индустрия мұншалықты көп физикалық шектеулерге бірінші рет тіреліп отыр.

Сондықтан жарияланған AI-жобалардың қомақты бөлігі қағаз жүзінде ғана қалып қоймақ.

Бұл бәйгеде өз жоспарларын қаттырақ айғайлап жеткізгендер емес, қажетті инфрақұрылымдық тізбекті, энергияны, жерді, салқындатуды, байланыс пен пайдалану жүйесін, тезірек жинақтай алғандар жеңіске жетеді. Жасанды интеллект дәуірінде әлемдік экономиканың жаңа тапшылығы тек чиптер емес. Ендігі жаңа тапшылық – мегаваттар.

Сондай-ақ оқыңыз