Health

Қорылдан құтылудың қарапайым әдістері

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Көктем мен жазда күшейетін аллергия тек мұрынның бітелуіне емес, қорылдың пайда болуына да әсер етуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, небәрі 30 секундтық қарапайым әдіс бұл мәселені азайтуға көмектеседі. Бұл туралы Kursiv.media Surrey Live ұсынған деректерге сілтеме жасап хабарлайды.

Ауадағы тозаң мөлшерінің көбеюі мұрынның бітелуіне және шырышты қабықтың ісінуіне әкеледі. Соның салдарынан тыныс алу қиындап, қорыл пайда болады немесе күшеюі мүмкін. MattressNextDay компаниясының бас директоры әрі ұйқы жөніндегі сарапшы Мартин Силидің айтуынша, мұндай жағдайда көптеген адам ауызбен тыныс ала бастайды, ал бұл қорылдаудың негізгі себептерінің бірі саналады.

«Ауадағы тозаң деңгейі жоғары болған кезде мұрын жолдары ісінеді. Соның салдарынан адамдар мұрынмен емес, ауызбен тыныс алуға мәжбүр болады. Ал бұл қорылдауға әкелетін басты факторлардың бірі. Тіпті әдетте қорылдамайтын адамдардың өзі тозаң көп болатын кезеңде өзгерісті байқауы мүмкін», – дейді маман.

Қорылдауды қалай азайтуға болады

Мартин Сили қорылдауды азайту үшін ауыз қуысы мен тамақ бұлшықеттерін жаттықтыруға кеңес береді. Оның айтуынша, мұндай қарапайым жаттығулар тіл бұлшықетін нығайтуға көмектеседі. Ал тілдің әлсіреуі қорылдаудың жиі кездесетін себептерінің бірі саналады.

«Қарапайым орофарингеалдық жаттығуларды орындаңыз. Мысалы, аузыңызды жұмып тұрып, тіліңізді 10 рет оңға-солға қозғаңыз. Кейін дәл солай жоғары-төмен және айналдыра қимылдатыңыз. Бұл жаттығулар күніне небәрі 30 секунд уақыт алады және алғашқы нәтижесі үш күннен кейін-ақ байқалуы мүмкін», – дейді маман.

Зерттеулердің бірінде мұндай жаттығуларды үш ай бойы тұрақты орындау қорылдауды 59%-ға дейін төмендететіні анықталған.

Дәрігердің қосымша кеңестері

TikTok желісінде 5,4 миллионнан астам оқырманы бар дәрігер Каран Раджан да қорылдаумен күресудің бірнеше қарапайым тәсілімен бөлісті.

Ол тілді алға барынша созып, осы қалыпта бес секунд ұстап тұруды және жаттығуды бірнеше рет қайталауды ұсынады. Жаттығуды күрделендіру үшін тілмен қасыққа тіреліп, қосымша қарсылық жасауға болады.

Сондай-ақ дәрігер тілді екі ұртқа кезекпен тіреп, оңға-солға қозғалтуға кеңес береді. Бұдан бөлек, тілді артқа қарай тартып, сол мезетте басты жоғары көтеру жаттығуын орындауға болады.

«Әрине, кейбір адамдарға медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Дегенмен бұл жаттығулардың барлығы қауіпсіз және көптеген адамға көмектеседі», – дейді дәрігер.

Еске салсақ, осыған дейін депрессияны емдеудің жаңа әдісі туралы жазған едік.