Lifestyle

Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы анықталды

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жыл сайын өткізілетін «Үздік туристік ауыл» ұлттық байқауының қорытындысын жариялады.

Жоба экологиялық және тұрақты туризмді дамытуға, сондай-ақ табиғи, тарихи және мәдени ерекшеліктері бар ауылдық елдімекендерді танытуды көздейді.

Байқау нәтижесінде 2026 жылғы Қазақстанның үздік туристік ауылдары анықталды. Олардың қатарында:

  • Басши (Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы);
  • Торайғыр (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы);
  • Берел (Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы);
  • Коробиха (Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы);
  • Имантау (Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы).

«Қазақстанның ауылдық туризмі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Мысалы, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының беделді «Best Tourism Villages by UN Tourism» марапатына ие болып, әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың қатарына кірді», – деп мәлімдеді «Kazakh Tourism».

Айта кетейік, 2025 жылы Жетісу облысындағы Лепсі, Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов, Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы, Шығыс Қазақстан облысындағы Поперечное және Қарағанды облысындағы Шабанбай би ауылдары байқау жеңімпаздары қатарынан көрінген болатын.

Еске салайық, 2025 жылы елге келген шетелдік туристер 3 млрд доллар жұмсаған. Ал биыл туризмге салынған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жеткен. Тиісінше, салық түсімі 18%-ға ұлғайып, 630 млрд теңге болды.