Health

Балаларды көз дәрігеріне тексертудің маңызы: ата-аналар байқамайтын қандай мәселе бар

көз дәрігеріне тексерту
фото: ашық дереккөзден

Егер бала көру қабілетінде қиындық барын айтпаса, бұл оның көзінде мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Кейде баланың көзі нашар көретінін ата-анасы ұзаққа дейін байқамайды, бірақ ол баланың дамуына, оқу үлгеріміне және жалпы өмір сапасына әсер етуі мүмкін. Жоспарлы тексерулер кезінде қандай аурулар жиі анықталады және балалар үшін көру қабілетін тұрақты тексеріп тұру неліктен маңызды екенін Prime Green Clinic офтальмолог дәрігері Аделя Асықбаева түсіндіреді.

Балалардың офтальмологқа қаралуы мен көру қабілетін тұрақты тексеріп тұруы қаншалықты маңызды?

Профилактикалық тексерулер кестесіне сәйкес, балалар әртүрлі жас кезеңдерінде офтальмологқа бірнеше рет қаралуы тиіс. Себебі көру қабілетінде бұзылысы бар балалардың көпшілігі бұл туралы өздері шағым айтпайды. Бала қалыпты көру деңгейінің қандай болатынын білмейді, сондықтан өз көру қабілетін дұрыс көрсеткішпен салыстыра алмайды. Егер көру бұзылысы ерте жастан қалыптасса, бала оған бейімделіп, көруінің төмендегенін байқамауы мүмкін. Сонымен қатар кейбір балалар көру мәселесі туралы ата-анасына айтудан қысылады немесе қорқады. Себебі телефон қолдануға, теледидар көруге және басқа да сүйікті әрекеттеріне шектеу қойылады деп ойлауы мүмкін.

Бала офтальмологтың тексеруінен қашан өтуі керек?

Елімізде балаларға арналған профилактикалық тексерулердің бекітілген кестесі бар. Алғашқы офтальмологиялық тексеру мерзімінде туған балаларға 6 айлығында жүргізіледі. Егер бала шала туған болса, тексеру перзентханадан басталады. Бұл жағдайда дәрігерлер көз торқабығының жағдайын бағалап, шала туған нәрестелер ретинопатиясының бар-жоғын анықтайды. Бұл ауру жүктіліктің 36 аптасына дейін дүниеге келген балаларда даму қаупіне ие.

Келесі тексеру бала бір жасқа толғанда жүргізіледі. Бұл кезеңде диагностика анағұрлым толық болады. Зерттеу барысында арнайы тамшылар арқылы қарашық кеңейтіліп, көз түбі, торқабықтың шеткі аймақтары тексеріледі және қажетті диагностикалық әдістер қолданылады.

Үш жасында бала балабақшаға барар алдында офтальмологиялық тексеруден өтуі тиіс. Одан кейін профилактикалық тексерулер жыл сайын жүргізіледі.

Әсіресе 6–7 жаста, бала мектепке барар алдында жүргізілетін тексерудің маңызы ерекше. Дәл осы кезеңде көру қабілетінің көптеген бұзылыстары анықталады: миопия (жақыннан көргіштік), астигматизм, гиперметропия (алыстан көргіштік), қылилық және басқа да патологиялар. Қылилықты ата-аналар көбіне өздері байқайды. Алайда оның себебі тек көздің орналасуына байланысты емес, көбіне рефракция бұзылыстарымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан уақытылы тексеруден өту және нақты диагноз қою өте маңызды.

фото:офтальмолог дәрігер Аделя Асықбаева / Prime Green Clinic

Неліктен профилактикалық тексерулерді өткізіп алмау маңызды?

Балалар өзінің көру қабілетін әрдайым дұрыс бағалай алмайды. Тіпті бір көздің көруі айтарлықтай төмендеген жағдайда да бала бұл өзгерісті байқамауы мүмкін. Себебі екінші көз көру қызметін ішінара өтеп, мәселені жасырады. Кей жағдайда жаппай профилактикалық тексерулер барысында көру қабілеті толық әрі мұқият тексерілмеуі мүмкін. Мысалы, баланың көруі екі көзімен бір уақытта бағаланса, бір көздегі көрудің төмендеуі байқалмай қалуы ықтимал.

Ал толық офтальмологиялық тексеру кезінде дәрігер әр көздің көру қабілетін жеке бағалайды, бұзылыстарды анықтап, қажет болған жағдайда көруді түзету әдістерін және тиісті емді тағайындайды.

Жеке тәжірибемнен мысал айтайын (ата-ананың рұқсаты бар).   Бірде қабылдауға келген баладан көздің оптикалық аймағындағы кератит анықталды. Негізгі белгілері көрудің төмендеуі және көздің аздап қызаруы болды. Екінші көзі 100 пайыз көрсе, зақымданған көздің көру көрсеткіші небәрі 20 пайыз болған. Бала айырмашылықты іс жүзінде сезбеген және ешкімге шағымданбаған. Мұндай жағдайларда ем уақытында басталса, екінші көздің көру қабілетін дұрыстауға болады.

Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?

Бала көзінің жағдайын бақылап, мынадай белгілерге мән берген жөн:

• көздің қызаруы;
• жарыққа сезімталдықтың артуы;
• жиі жыпылықтау;
• көзін сығырайтып қарау;
• көздің тез шаршауына шағымдану;
• теледидарға немесе экранға тым жақын отыру;
• оқу жылдамдығының төмен болуы;
• жазу мәнерінің нашарлауы;
• оқу немесе жазу кезінде басты қисайту;
• оқу үлгерімінің төмендеуі.

Осы белгілердің кез келгені көру қабілетін маманға тексертуге себеп болуы тиіс.

Гаджеттер көру қабілетіне әсер ете ме?

Әлбетте, қазір жақыннан көргіштіктің кең таралуы көбіне цифрландыру үдерісімен және балалардың гаджеттерді белсенді пайдалануымен байланысты. Экранды тым жақындатқан кезде көздің аккомодациялық аппараты тұрақты түрде жүктемеге түседі. Кітап немесе дәптер көзден 35–40 сантиметр қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда балалар телефонды көбіне бетіне әлдеқайда жақын ұстайды, бұл көру жүйесіне қосымша күш түсіреді. Ұзақ уақыт бойы жақын қашықтықта жұмыс істеу миопияның пайда болу және үдеу қаупін арттырады.

Көру бұзылыстарының алдын алу үшін көру гигиенасын сақтау маңызды, Яғни, оқу және жазу кезінде жарықтың жеткілікті болуын қамтамасыз ету және жазу, кітап пен дәптерді көзден 35–40 сантиметр қашықтықта ұстау, әр 20 минут сайын үзіліс жасау қажет. Миопияның алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі күндізгі уақытта кемінде 1,5–2 сағат таза ауада серуендеу қажет.

Бала гаджеттерді күніне қанша уақыт пайдалана алады?

Бала гаджеттерді неғұрлым аз пайдаланса, соғұрлым жақсы. Қазіргі жағдайда телефонды толық алып тастау қиын. Электронды күнделіктер, мектеп тапсырмалары және ата-анамен байланыс үшін құрылғы қажет болады. Соған қарамастан гаджеттерді күніне 1–1,5 сағаттан артық пайдаланбаған жөн және әр 15–20 минут сайын міндетті түрде үзіліс жасау керек. Балаларды спортпен шұғылдануға, белсенді ойындарға және таза ауада көбірек серуендеуге ынталандыру маңызды.

Көк жарықтан қорғайтын көзілдіріктердің пайдасы бар ма?

Бүгінгі күні мұндай көзілдіріктердің миопияның алдын алатынын немесе гаджеттердің көзге тигізетін әсерінен қорғайтынын дәлелдейтін сенімді ғылыми деректер жоқ. Қолда бар зерттеулер олардың тиімділігін біржақты растауға мүмкіндік бермейді.

Көбіне мұндай көзілдіріктер ұйқы сапасын жақсартуға және кешкі уақытта көк жарықтың әсерін азайтуға арналған құрал ретінде ұсынылады.

Сонымен қатар қазіргі заманғы экрандардың өзінде көк жарықтың әсерін төмендететін технологиялар бар. Сондықтан балаларға көк жарықтан қорғайтын көзілдіріктер көру бұзылыстарының алдын алу құралы ретінде әдетте тағайындалмайды.

Тағы да оқыңыз: Өміріміз «дейін» және «кейін» болып өзгерді: 980 грамм болып туған қыз 8-ге толды