Көкпар кезінде жасөспірім қайтыс болды: Федерацияның аккредитациясы тоқтатылды

Ойын кезінде 14 жасар жасөспірім қаза тапқаннан кейін Бұқаралық көкпар федерациясының аккредитациясы тоқтатылды, деп хабарлады премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Бұл туралы ол депутаттық сауалға берген жауабында жазған.
«Тергеумен Ақмола облысының полиция департаменті айналысуда. Оның нәтижесі бойынша кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қабылданады. Өңірдің дене шынықтыру және спорт департаментіне аймақтағы бұқаралық көкпарды қатаң бақылауға алу тапсырылды», – делінген жауапта.
Бұдан бөлек, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 15 маусымда бұйрық шығарды, оған сәйкес бұқаралық көкпар федерациясының аккредитациялық куәлігі бір айға тоқтатылды.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 26 мамырда Рақымжан Қошқарбаев ауылында болған. Ойынды тұрғындар жергілікті билікке ескертпестен ұйымдастырған. Шара Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің меншігіндегі жер телімінде өткізілген.