Коучтардың дәурені бітті: енді дипломы жоқтар өзін «психолог» деп атай алмайды

Жарияланды 25 Маусым 2026 15:57

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Заң жобасы президенттің қол қоюына жіберілді/фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Енді дипломы жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмегендерге өзін «психолог» деп атауға тыйым салынады. Бұл туралы «Психологиялық қызмет туралы» заңда көрсетілген.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің жазуынша, заң күшіне енгеннен кейін кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексеруге болады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.

«Психо» атауын жамылып алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ «мамандар», «тренерлерге» өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдануға ресми түрде тыйым салынады. 2 апталық курстан өткендердің дәурені бітті», – деп жазды депутат Аймағамбетов.

Онлайн-жарнама бақыланады

Заңдағы тағы бір өзгеріс – онлайн-жарнаманы бақылау. Психологтар әлеуметтік желіде өзінің реестрдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі.

«Проблеманы 1 күнде шешемін» немесе «нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін» деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады», – дейді депутат.

Депрессияға түскендермен жұмыс

Күрделі тақырыптарға тек кәсіби мамандар жіберіледі. Депрессия, психологиялық қысым, мазасыздық сияқты терең мәселелермен және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек кәсіби, дипломы бар мамандар ғана айналысады.

Психолог пен психиатрдың аражігі

Заң аясында психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылады. Психологқа медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті.

Бұған дейін «Коучинг қызметіне» қатысты кәсіби стандарт бекітілді.

Сондай-ақ оқыңыз