Неймар қайта оралды: Бразилия мен Марокко келесі кезеңге өтті

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңі өз мәресіне жақындап қалды. «С» тобының 3-тур ойындары тартысты әрі голдарға толы болып, Бразилия мен Марокко топтан шықты.
Бразилия Шотландияны қиратты, Неймар алаңға оралды
Топтың басты фавориттерінің бірі – Бразилия құрамасы Шотландия футболшыларына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ басымдықты қолға алған оңтүстік америкалықтар сенімді жеңіске жетті.
7-минутта аянның берген пасын сәтті пайдаланған Винисиус Жуниор есепті ашты (0-1).
22-минут: Винисиус Жуниор тағы бір гол соққанымен, VAR жүйесі фол тіркеп, гол есептелмеді.
45+3-минут: Бруно Гимараештің ассисттілігімен Винисиус Жуниор дубль жасап, есепті еселеді (0-2).
60-минут: Екінші таймда Бруно Гимараештің тағы бір нәтижелі пасынан кейін М. Кунья есепті 0:3-ке жеткізді.
Неймардың оралуы
Матчтың 76-минутында жанкүйерлер көптен күткен Бразилия құрамасының жұлдызы Неймар алаңға шықты.
Айта кетейік, Неймар соңғы рет ұлттық құрама сапында 2023 жылдың 18 қазанында ӘЧ-2026 іріктеу кезеңінде Уругвайға қарсы (0:2) шыққан еді.
Бұл кездесу Неймар үшін ұлттық құрама сапындағы 129-шы матч болды. Ол осы уақытқа дейін «селесао» сапында 79 гол соғып, 59 нәтижелі пас берген.
Винисиус сұрмергендер көшінде Лионель Мессиге жақындады
Шотландия қақпасына соққан қос голынан кейін, Бразилия құрамасының шабуылшысы Винисиус Жуниор турнирдің сұрмергендер тізімінде екінші орынға көтерілді. Оның еншісінде қазір 4 гол мен 1 нәтижелі пас бар.
Турнирдің үздік сұрмергендері:
- Лионель Месси (Аргентина) – 5 гол
- Винисиус Жуниор (Бразилия) – 4 гол (1 пас)
- Эрлинг Холанд (Норвегия) – 4 гол
- Килиан Мбаппе (Франция) – 4 гол
Сондай-ақ үздік ондықтың қатарында 3 голмен бразилиялық М. Кунья мен марокколық И. Сайбари де бар.
Марокко мен Гаити матчындағы голдар шоуы
Топтағы екінші кездесу нағыз драмаға толы болды. Марокко құрамасы Гаитиді 4:2 есеп айырмасымен тізе бүктірді.
Ойынның 10-минутында марокколық қақпашы Боно өз қақпасына автогол соғып алып, Гаити күтпеген жерден алға шықты (0-1).
39-минутта А. Хакими есепті теңестірді (1-1), бірақ 43-минутта Гаити шабуылшысы У. Исидор командасын қайта алға шығарды (1-2).
Бірінші таймның қосымша уақытында (45+1) И. Сайбари таразы басын теңестіріп кетті (2-2).
Екінші таймда Марокко басымдықты толық қолға алып, 78-минутта С. Рахимидің голынан кейін алға шығып, матчты жеңіспен аяқтады.
«С» тобының қорытынды кестесі
Үш турдың қорытындысы бойынша «С» тобында Бразилия мен Марокко 7 ұпай еншіледі.
| # | Команда | Ойын | Доп айырмасы | Ұпай |
|---|---|---|---|---|
| 1. | 🇧🇷 Бразилия | 3 | 7:1 | 7 |
| 2. | 🇲🇦 Марокко | 3 | 6:3 | 7 |
| 3. | 🏴 Шотландия | 3 | 1:4 | 3 |
| 4. | 🇭🇹 Гаити | 3 | 2:8 | 0 |
Бразилия мен Марокко 7 ұпаймен топтан тікелей плей-офф (1/16) кезеңіне жолдама алды. Бразилия доп айырмасының артықшылығы арқасында 1-орынға жайғасты.
Шотландия 3 ұпаймен үшінші орында қалып, үшінші орындағы командалар рейтингінде әзірге алтыншы орында тұр.
Гаити бірде-бір ұпай еншілей алмай, турнирмен қоштасты.
Еске сала кетейік, бұған дейін B тобынан Канада мен Швейцария құрамалары шыққан еді.