
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенат кулуарында Қазақстанда тұрмысы нашар 1 миллион адам тұратынын айтты.
Журналистер вице-министрден елдегі кедей адамдардың санына байланысты соңғы статистиканы айтып беруді сұрады.
«Қазақстанда тұрмысы төмен 1 миллионға жуық адам бар. Бірақ бұл олар нан таба алмай, аштан өліп жатыр деген сөз емес», – деді ол.
Айтуынша, кейбір жұмыс берушілер әлеуметтік аударымдарды төлемеу үшін жалақыны қолма-қол береді. Немесе қызметкерлердің өзі есепшоты бұғатталғандықтан, ақшаны қолма-қол беруді сұрайды.
«Келесі жылы Парламентке кіреміз. Барлық жұмыс берушіден қызметкерлердің айлығы мен штаттық кестесін көрсетуді талап ететін боламыз. Сол кезде ғана нағыз статистиканы көре аламыз», – деді вице-министр.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл елдегі қымбатшылық салдарынан халықтың тұрмысы нашарламас үшін жалақы көтерілуге тиіс екенін айтқан.