Қытай 9 жылдан кейін алғаш рет суперкомпьютерлер рейтингінде көш бастады

Қытай АҚШ-ты басып озып, 2017 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлер рейтингінде көш бастады.
The New York Times басылымының мәліметінше, Шэньчжэньде жасалған LineShine суперкомпьютері ресми түрде әлемдегі ең жылдам есептеуіш жүйе ретінде танылды.
Жүйе қазіргі уақытта ең қуатты суперкомпьютерлер мен жасанды интеллект жүйелерінің негізі саналып жүрген дәстүрлі графикалық процессорлардан бас тартты. Оның орнына LineShine өздерінің жеке архитектурасына негізделген стандартты микропроцессорларды қолданады. Бұл жүйенің басты ерекшелігі.
Сынақ нәтижесі бойынша, қытайлық жүйенің өнімділігі америкалық El Capitan компьютерінен 20%-дан астам асып түсті. Ал АҚШ машинасы 2024 жылдың соңынан бері Top500 әлемдік рейтингінде бірінші орынды ешкімге бермей келген еді.
Top500 рейтингінің ұйымдастырушысы Джек Донгарраның айтуынша, LineShine жасанды интеллектіні дәстүрлі ғылыми міндеттермен ұштастырудың тиімді платформасына айнала алады.
«Бұл – таңғаларлық жүйе. Қытайлықтар графикалық процессорларға тәуелді болмай-ақ, әлемдік деңгейдегі суперкомпьютер жасап шығара алды», деп атап өтті Донгарра.
Қытайдың бұл жетістігі Бейжің мен Вашингтон арасындағы технологиялық бәсекенің тағы бір көрінісі болды. АҚШ-тың озық ЖИ-чиптерін жеткізуге қойған экспорттық шектеулері аясында қытайлық әзірлеушілер баламалы архитектуралар мен өздерінің инженерлік шешімдеріне бәс тігіп отыр.
LineShine 90 серверлік тіреуішке орналастырылған 14 миллионға жуық есептеуіш ядроны біріктіреді. Бұл жүйе қазірдің өзінде Жер климатын модельдеуден бастап, адам миының ауқымды симуляциясына дейінгі ең күрделі ғылыми міндеттерді шешу үшін қолданыла бастады.