Үкім шығару үшін Сұлтан Сәрсемалиевтің кінәсін мойындауы жеткіліксіз – судья

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Атырауда Сұлтан Сәрсемалиев ісін қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина сұхбат берді/фото: Айгерім Таубай

Атырауда Сұлтан Сәрсемалиев ісін қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина сұхбат беріп, кінәсін мойындап тұрған адамнан не себепті жауап алынатынын түсіндірді.

«Конституцияға сәйкес сотталушы кінәсін мойындап тұрса да, бұл оны кінәлі деп танып, үкім шығаруға негіз бола алмайды. Себебі барлық дәлел сот отырысында зерттелуге тиіс. Қандай да бір дәлел сотта зерттелмесе, сот үкім шығару кезінде ол дәлелдерге сүйене алмайды», – деген судья Зарема Хамидуллина «Атырау» газетіне берген сұхбатында.

Дәлел ішіне сотталушының жауабы, куәлар келтірген айғақ, бейнежазбалар кіреді.

«Егер дәлелдерді зерттемейтін болсақ, тараптар да жарыссөз барысында оған сілтеме жасай алмайды. Дәлелдемені зерттеуге де уақыт қажет. Мысалы бір қылмыстық іс ішінде 25-30 видео болса, кей тергеу 3 сағатқа созылған болуы мүмкін», – дейді судья.

Сөзінше, соттың міндеті – сотталушының кінәсін мойындап тұрғанын тіркеу ғана емес, объективті сот процесін өткізу. Оның ішінде мұндай әрекетті жасауына не себеп болғанын анықтайды.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылып, олар Индонезияда ұсталды. Күдіктілерді ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.

Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.  

Сұлтан Сәрсемәлиев ісі

Сұлтан Сәрсемәлиев соты 28 мамырда басталды. Ол қылмыстық кодекстің 13 бабында көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Айыптау актісіне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев Атырау маңында 2025 жылдың мамырында қайтыс болған.

Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева жалдап тұрып жатқан үйде Сұлтан мен Наурыздың арасында жанжал туып, Сұлтан Наурызды пышақтаған. Мәйітін үйдің іргесінде қазған шұңқырға көміп, үйдегі қан ізін тазалап шыққан. Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 млн теңге несие рәсімдеген.

Ал ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылдың 3 қарашасында қайтыс болған.

Сәрсемәлиев отбасында шыққан кикілжің өз пайдасына шешілмейтінін түсінген соң ата-енесін өлтіремін деп шешкен.

«Сәрсемәлиев 2025 жылдың 3 қарашасында 18:00 шамасында ерлі-зайыптының сарайға кіріп-шығып, шаруа жасап жүргенін көрген. Сол мезетте үйдің алдында отырған Сәрсемәлиев сарай ішіне кіріп, ет турауға арналған пышақты көріп, қылмыс қаруын дайындап қойған. 19:00 шамасында Сәрсемәлиев аулада отырып, Қарабалин не Өтешқалиеваның сарайға кіруін күткен. Бірінші болып үйден Өтешқалиева шыққан. Сәрсемәлиев оның артынан сарайға кіріп, ішкі бөлмеде шаруасын істеп жүрген Өтешқалиеваның артынан барып, арқасынан пышақтаған», – деді прокурор Бауыржанов.

Содан кейін қайын атасы Мақсот Қарабалинді де сарай ішінде пышақтаған. Артынша қара жерді 1 метр 30 см етіп қазып, екі мәйітті сол жерге көміп, бетіне линолеум төсеген.

Артынша Сұлтан Сәрсемәлиев қайын апасы Мейрамгүл Қарабалина мен әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваны ертіп, Атырауға барған. Қала маңында жалдап тұрып жатқан үй ішінде Сұлтан мен Мейрамгүл арасында жанжал шығады. Сол кезде Сұлтан ауылдан ала келген (ата-енесін пышақтап өлтірген) пышағын шығарып, Мейрамгүлге бірнеше рет сұққан. Әйел оқиға орнында қайтыс болған.

Сәрсемәлиев мәйітті кілемге орап, Наурыз Мұқанғалиевті көмген шұңқырға апарып көмген.

Сондай-ақ оқыңыз