Тергеу изоляторы Әмір Қасеновтің медициналық көмекті қажет етпейтінін мәлімдеді

Бұған дейін аштық жариялаған «ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің жағдайы медициналық көмекті қажет етпейді. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №72 мекемесі «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында мәлімдеген.
Мекеме мәліметінше, әкімшілікке тамақ пен судан бас тарту туралы жазбаша өтініш түспеген. Алайда бейнебақылау жүйесіне жүргізілген мониторинг барысында оның тамақтан бас тартқаны анықталып, бұл дерек белгіленген тәртіппен тіркелген.
«Сотталушы тұрақты түрде медициналық бақылауда, сондай-ақ оны мекеме қызметкерлері бақылауға алған. Камера ішіндегі бейнебақылау тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бейнебақылау қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, ішкі істер министрлігінің және қадағалау органдарының ақпараттық ресурстарымен біріктірілген. Бұл азаматтың жағдайын үздіксіз бақылауға және қамауда ұстау режимінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір азаматтың жағдайы медициналық көмекті немесе ауруханаға жатқызуды қажет етпейді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ мекеме өкілдері азаматтың құқықтары мен заңды мүдделері толық сақталып отырғанын мәлімдеді. Оған адвокатымен кездесуге мүмкіндік берілген.
«Қазір қосымша шаралар қабылдауға негіз жоқ. Азаматтың жағдайы медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында», – деп хабарлады мекеме.
Айта кетейік, 19 маусымда Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қасеновтің жағдайы тұрақты екенін және өміріне қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.
Алматының Алмалы аудандық сотында 15 маусымда «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі басталды. Содан кейін Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауға алуға өзгертілді. Қасенов сол кезде аштық жариялағанын мәлімдеді. Кейіннен әлеуметтік желілерде Әмір Қасеновтің су ішіп отырған фотосуреті де тарады.
22 маусымда судья Ернар Қасымбеков Әмір Қасеновтің денсаулық жағдайына байланысты сот отырысына қатыса алмағанына сүйеніп, істі 29 маусымға ауыстырды.