Венесуэлада 7,5 балдық жойқын зілзала болды (видео)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Венесуэлада 7,1 балдық зілзала болды
Зілзаладан зардап шеккен Каракас қаласы / фото: REUTERS

Венесуэланың солтүстік-орталық бөлігінде жойқын зілзала болды. АҚШ геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, әуелі магнитудасы 7,2 балдық, содан ізін сала 7,5 балдық екі ірі дүмпу тіркелген.

Дүмпу ошағы Венесуэла астанасы – Каракас қаласынан батысқа қарай 160 км жерде, 13 км тереңдікте орналасқан. Алғашқы дүмпу 25 маусымда Астана уақытымен таңғы сағат 04:04-те, ал екінші негізгі дүмпу одан 39 секундтан соң 04:05-те болды. Бұл уақытта Венесуэлада сәрсенбінің кеші еді.

CNBC америкалық телеарнасының USGS мәліметіне сүйене отырып хабарлауынша, ауқымды апаттан 10 мыңнан 100 мыңға дейінгі аралықта адам шығыны болуы мүмкін деген болжам жасалған.

Зілзаладан зардап шеккен Каракас қаласы
Құтқарушылар Каракас қаласында қираған үйдің үстінде тұр / фото: REUTERS

«Каракаста ғимараттар мен үйлер қирады», – деп мәлімдеді елдің ішкі істер министрі Диасдадо Кабельо мемлекеттік телеарна эфирінде. Оның мәлімдемесін Reuters таратты.

Министр жер сілкінісінен қаза тапқандар немесе зардап шеккендер саны туралы ештеңе айтпады. Бірақ ол қосымша мәлімет жинау үшін шара қолданып жатқанын ескертті.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан кешқұрым құтқарушылар астанадағы қираған үйлердің бірін аршып жатқанын көруге болады. Дүмпу кезінде венесуэлалықтардың көбі мемлекеттік мерекеге байланысты үйде болған. Көпшілігі Венесуэлада өте танымал спорт түрі – бейсбол матчын, ал футбол жанкүйерлері Бразилия – Шотландия ойынын көріп отырған.

Тұрғындардың айтуынша, сілкініс 20–40 секунд немесе одан да ұзақ уақыт сезілген. Оны желіде тараған видеолардан да аңғаруға болады.

Венесуэладағы зілзаладан 26 минут өткенде Жапонияда 6,9 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыз