Зілзаладан зардап шеккен Венесуэлаға түрмедегі Мадуро атынан үндеу жолданды

Зілзаладан қатты зардап шеккен Венесуэла халқына қазір АҚШ түрмесінде отырған экс-президент Николас Мадуро атынан үндеу жолданды. Бейсенбі күні таңертең оның елінде 7,5 балдық жойқын зілзала болды.
«Отанымызға соққы боп тиген жойқын зілзаладан зардап шеккен венесуэлалықтар үшін дұға етеміз. Осынау қиын сағатта баршаңызды ұлттық бірлікке, сабырлық пен сүйіспеншілікке шақырамын. Жүрегіміз бүкіл Венесуэламен бірге», – делінген Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес атынан жолданған үндеуде.
Мәлімдеме биліктен тайдырылған президенттің ресми Telegram-арнасында жарияланды.
Қазір Мадуро мен оның әйелі Нью-Йорктегі федералдық түрмеде отыр. Оларға есірткі мен қару сатты деген айыптар тағылған. Америкалық жауынгерлер бұл екеуін 2026 жылғы қаңтарда Каракастағы президент резиденциясынан ұрлап әкеткен.
Бұл уақытта АҚШ билігі Латын Америкасындағы елге құтқарушылар тобы мен гуманитарлық көмек жолдайтынын жариялады. Мемлекеттік хатшының шетелге көмек мәселелері жөніндегі орынбасары Джереми Левиннің мәлімдеуінше, Мемлекеттік департамент Венесуэланың уақытша үкіметіндегі серіктестермен байланыс орнатқан. Құрама Штаттар көмегі туралы мәліметті CNN телеарнасы жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, Венесуэлада 25 маусымда таңертең Астана уақытымен сағат 04:04-те 7,2 балдық, содан бір минутқа жетер-жетпес уақытта 7,5 балдық зілзала болды. АҚШ геологиялық қызметі (USGS) жойқын жер сілкінісінен 10 мыңнан 100 мыңға дейін адам мерт болуы мүмкін деп болжайды. Ресми Каракас қаза тапқандар барын растағанымен, олардың санын жарияламай отыр.
Венесуэладағы зілзаладан 26 минуттан соң Жапонияда 6,9 балдық жер сілкінісі тіркелді. Цунами қаупі жоқ.