Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп су тапшылығы мәселесін шешпек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Сенат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су ресурстары жөніндегі келісімді мақұлдады / Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Сенат депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялады.

Сенат депутаты Әли Бектаев атап өткендей, Қазақстандағы су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасады. Сондықтан көрші елдермен өзара сенім мен тең әріптестік қағидаттарына негізделген су дипломатиясын дамыту және трансшекаралық су нысандарын тиімді пайдалану мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады.

Оның айтуынша, келісімнің негізгі мақсаты – трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тұрақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ су ресурстарын әділ әрі ұтымды бөлу.

Депутат бұл құжаттың еліміздің оңтүстік өңірлері үшін маңызы ерекше екенін айтты. Өйткені Түркістан облысы мен Қызылорда облысы және Сырдария өзені бассейніндегі басқа да аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы су ресурстарының жеткіліктілігіне тікелей байланысты.

«Су көлемі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Сырдария өзенінің гидрологиялық режимі тек су шаруашылығы мәселесі ғана емес», – деді Әли Бектаев.

Оның сөзінше, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына, фермерлердің экономикалық жағдайына және өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей ықпал ететін маңызды мәселе.

«Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары қалыптасқан өзара түсіністік пен тұрақты диалог нақты нәтижелер беріп отыр. Соның арқасында вегетациялық кезеңде су ресурстарын бөлу, су қоймаларының жұмыс режимін келісу және тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешілуде»,– деді сенатор.

Сенатор қазір Арал – Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы саласындағы жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Ал Шардара су қоймасының толу деңгейі 90 пайызды құрайды.

Қалыптасқан гидрологиялық жағдайды ескере отырып, су пайдалану лимиттері бекітілді:

  • Қызылорда облысы үшін – 3,2 млрд текше метр су;
  • Түркістан облысы үшін – 3,8 млрд текше метр су.

Сенатордың айтуынша, келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Үкіметаралық комиссиясы құрылады. Бұл комиссия су ресурстарын басқару, мемлекетаралық гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тұрақты негізде қарайтын болады.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Еуропамен бірігіп су үнемдейтін жоба бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз