MacBook пен iPad қымбаттады: Apple жаңа бағаларды көрсетті

Reuters мәліметінше, Apple MacBook пен iPad бағасын көтерді. Компания мұны жад пен дерек сақтау чиптерінің күрт қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Бағаның өсуіне жасанды интеллектке арналған дата-орталықтар тарапынан сұраныстың артуы әсер еткен.
Apple неге бағаны көтерді?
Apple MacBook пен iPad бағасын өсірді. Компания бұған дейін компоненттер бағасының қымбаттауын тұтынушыға сездірмеуге тырысқанын, бірақ енді бірқатар өнім бойынша бағаны қайта қарауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Reuters мәліметінше, баға өсімі әзірге Apple-дың негізгі табыс көзі саналатын iPhone-ға әсер етпейді. Дегенмен сарапшылар алдағы айларда iPhone бағасы да көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Компанияның ең қолжетімді ноутбугі саналатын MacBook Neo бағасы 599 доллардан 699 долларға дейін өседі. Бұл модель Windows ноутбуктері мен Chromebook құрылғыларымен бәсекелесу үшін шығарылған еді.
Apple сайтындағы жаңартылған бағаға сәйкес, 512 гигабайт жады бар MacBook Air 1099 доллардан 1299 долларға дейін қымбаттады. Ал 1 терабайт жады бар MacBook Pro бағасы 1699 доллардан 1999 долларға өсті. 128 гигабайт жады бар iPad Air бағасы 599 доллардан 749 долларға көтерілді.
Apple бұдан бөлек HomePod смарт-колонкалары мен Apple TV құрылғысының да бағасын өсірді.
Жасанды интеллект нарығы электроникаға қалай әсер етіп жатыр?
Бағаның көтерілуіне жад нарығындағы тапшылық себеп болып отыр. Жасанды интеллект индустриясы жылдам дамыған сайын дата-орталықтарға сұраныс артты. Бұл өз кезегінде жад пен сақтау чиптеріне қысым түсірді.
Micron сияқты жад өндірушілері соңғы айларда Nvidia секілді жасанды интеллект чиптерін шығаратын компаниялардың тапсырысына басымдық бере бастаған. Мұндай тапсырыстар өндірушілерге рекордтық табыс әкеліп жатыр. Бірақ смартфон, ноутбук және планшет шығаратын компанияларға қолжетімді ұсыныс азайды.
TrendForce дерегінше, қазіргі гаджеттердің көбінде қолданылатын жедел жад бағасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында 98%-ға дейін өскен. Осы тоқсанда баға тағы 58-63% аралығында қымбаттауы мүмкін.
Кейбір сарапшылар бұл құбылысты «RAMageddon» деп атап жүр. Яғни жад нарығындағы баға шокі тек бір компанияға емес, бүкіл электроника секторына әсер етіп жатыр.
Оқырманға әсері қандай?
Бұл өзгеріс Apple өнімдерін сатып алуды жоспарлап жүргендер үшін маңызды. Егер жад бағасы әрі қарай өссе, ноутбук, планшет, смартфон және басқа да гаджеттер қымбаттауы мүмкін.
IDC сарапшылары бағаның өсуі биыл электроника нарығына қысым түсіреді деп күтеді. Компания бағалауынша, смартфон нарығы шамамен 14%-ға, ал дербес компьютерлер нарығы 11,3%-ға қысқаруы мүмкін.
Apple акциялары жаңалықтан кейін шамамен 5%-ға төмендеді. Dell акциялары да 8%-дан астам арзандады. Бұл инвесторлар электроника өндірушілерінің маржасы мен сатылымына алаңдай бастағанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, Apple жеткізу тізбегіндегі мықты байланыстары арқылы дағдарыстың әсерін біршама жұмсарта алды. Ал басқа өндірушілер бағаны одан да қатты көтеруі ықтимал.