Lifestyle

Instagram видео үшін блогер Алексей Лодочниковтың үстінен полицияға арыз түсті

Instagram видео үшін блогер Алексей Лодочниковтың үстінен полицияға арыз түсті / Фото: Liter.kz

Қазақстандық блогер Алексей Лодочников Instagram желісінде жарияланған роликке байланысты үстінен полицияға арыз жазылғанын хабарлады.

Блогердің айтуынша, онымен көмекшісі байланысып, Семей қаласының полиция инспекторы келіп түскен арыз туралы ескерткенін жеткізген. Құжаттарды сұратқаннан кейін Лодочников арыздың мазмұнымен танысқан.

Блогердің сөзіне қарағанда, арызды Людмила есімді Семей тұрғыны жазған. Оның айтуынша, бұған әлгі әйелдің сатушыдан өзімен орыс тілінде сөйлесуді талап еткен жағдайына арналған видео себеп болған. Лодочниковтың мәлімдеуінше, арызданушы бұл роликті қорлау сипатында және қауіп-қатер төндіреді деп есептеген, сондай-ақ бұған дейін жарияланымды өшіруді сұрағанын, бірақ оның орындалмағанын көрсеткен.

Блогер Instagram-дағы жеке хабарламаларынан одан келген хаттарды таппағанын, ал роликтің астында 3 мыңға жуық пікір болғанын айтты.

Сонымен қатар, Лодочников учаскелік полиция инспекторымен байланысқанын хабарлады. Оның айтуынша, полицей жарияланған видеодан ешқандай заң бұзушылық белгілері анықталмағанын, алайда арыз белгіленген тәртіп бойынша қаралуы тиіс екенін жеткізген. Блогер құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін, алайда роликті өшіруге ниетті еместігін қосты.

Бұдан бөлек, Лодочников оқырмандарына үндеу жасап, арызданушыны балағаттамауды, керісінше пікірлерде оны «мақтауды» сұрады.

«Егер әркім өзіне мән беріп, өзін дамытумен айналысып, жаңа нәрселерді үйреніп, күш-жігерін пайдалы іске бағыттаса, өмір әлдеқайда жеңіл әрі тыныш болар еді деп ойлаймын. Адамдар, дамыңыздар. Оқыңыздар. Өздеріңізбен жұмыс істеңіздер. Одан әлем тек жақсара түседі», – деп жазды ол.