
Қазақстан банктері соңғы жылдары табыс бойынша рекорд жаңартып келген еді. Бірақ 2026 жылдың басында жағдай өзгерді. Енді нарықта «кім көп пайда тапты?» дегеннен гөрі, «кім аз жоғалтты?» деген сұрақ маңызды бола бастады.
Kursiv Research зерттеуінше, Қазақстандағы сегіз ірі әмбебап банктің жиынтық таза табысы 2026 жылдың I тоқсанында 18,9%-ға төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 620 млрд теңге болса, биыл 503 млрд теңгеге түскен. Яғни банктер бір жылдың ішінде 117 млрд теңге пайдадан айырылды.
Қай банк қанша пайда жоғалтты?
Көрсеткіштер минус мәнмен берілді: баған неғұрлым солға ұзын болса, банктің пайдасы соғұрлым көп қысқарған.
Банктерге қысым қайдан келді?
Пайда азаюының бірнеше себебі бар. Біріншісі – минималды резервтік талаптардың, яғни МРТ-ның өсуі. Бұл банктердің ақшасының бір бөлігін міндетті түрде резервте ұстауына мәжбүрлейді. Демек, олар бұл қаражатты толық көлемде табыс әкелетін активтерге сала алмайды.
Екіншісі – салықтық өзгерістер. Бизнеске кредит берумен тікелей байланысты емес кей операциялар бойынша корпоративтік табыс салығы 20%-дан 25%-ға өсті. Бұған қоса, кей банктік комиссияларға ҚҚС салына бастады. Үшінші фактор – теңгенің нығаюы. Бұл валюталық операциялар мен бағалы қағаздар портфелінен түсетін табысқа әсер етті.
Halyk Bank: ең үлкен абсолютті төмендеу
Сегіздік ішінде Halyk Bank таза пайда бойынша ең көп жоғалтты. Банктің пайдасы бір жылда 40,2 млрд теңгеге азайды. Бірақ пайыздық тұрғыдан алғанда Halyk-тің жағдайы аса нашар емес: төмендеу 14,6% болды. Бұл топтағы ең жұмсақ көрсеткіштердің бірі.
Банктің таза пайыздық кірісі 13,9 млрд теңгеге, ал таза комиссиялық кірісі 8,8 млрд теңгеге қысқарған. Сонымен бірге операциялық және өзге шығындары 13,9 млрд теңгеге өсті. Halyk өз есебінде пайда төмендеуін МРТ-ның көтерілуімен және бөлшек кредиттеу талаптарының қатаюымен түсіндірген.
Kaspi Bank: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Kaspi Bank: банктен гөрі холдинг мықты көрінді
Kaspi Bank-тің таза пайдасы да төмендеді. Банк былтырғы нәтижесінен 17,7 млрд теңгеге немесе 13,8%-ға қалып қойды. Бірақ бұл – сегіз ірі банк ішіндегі ең жұмсақ төмендеу.
Kaspi Bank-тің таза пайыздық кірісі 29,9%-ға өскен. Алайда комиссиялық кірістің 32,2%-ға қысқаруы бұл өсімді басып кетті. Ал Kaspi.kz холдингі банкке қарағанда әлдеқайда тұрақты нәтиже көрсетті. Холдинг I тоқсанда 252 млрд теңге таза пайда тапқан, бұл Halyk Bank-тен де көп. Жылдық төмендеу небәрі 0,8% болды.
Kaspi.kz: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Мұның себебі – Kaspi.kz-тің бизнес-моделі классикалық банктен өзгеше. Холдинг тек банктен емес, Kaspi Pay, Kaspi Магазин, Kaspi Travel, Kolesa және Hepsiburada сияқты бағыттардан да табыс алады. Сондықтан банк секторындағы регуляторлық қысым холдингке толық көлемде әсер етпейді.
БЦК: пайыздық кіріс өсті, бірақ өзге кірістер құлады
Банк ЦентрКредиттің тоқсандық пайдасы 20,5 млрд теңгеге немесе 25,1%-ға төмендеді. Банк таза пайыздық кірісті 18%-ға өсіргенімен, комиссиялар мен өзге кірістер әлсіреді.
Негізгі қысым «өзге кірістер» бабынан келді. Бұл көрсеткіш 17,4 млрд теңгеге төмендеген. Бұған теңгенің нығаюы, валюталық операциялардан түсетін табыстың қысқаруы және былтырғы бір реттік оң әсердің қайталанбауы ықпал етті. Сонымен бірге банктің операциялық шығындары 7,5 млрд теңгеге өсті, ал КТС шығыны 72,2%-ға көбейді.
Alatau City Bank: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Alatau City Bank: бұрынғы Jusan жаңа кезеңге өтті
Alatau City Bank-тің таза пайдасы 8,2 млрд теңгеге немесе 19,3%-ға төмендеді. Банктің кредит портфелі іс жүзінде тоқырауға жақын болды: бір жылда небәрі 1,5%-ға өскен. Бұл таза пайыздық кіріске қысым жасады.
Комиссиялық кіріс те төмендеді. Сонымен бірге банк валюталық қайта бағалаудан шығын көрді. Бірақ валюталық туынды құралдардан түскен табыс және сақтандыру бизнесінің жақсаруы қорытынды нәтижені біраз ұстап тұрды. Дегенмен операциялық шығындардың 34%-ға өсуі пайдаға қатты әсер етті.
ForteBank: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
ForteBank: Home Credit әсері және шығындардың өсуі
ForteBank нәтижесіне Home Credit-ті біріктіру қатты әсер етті. Банк таза пайыздық кірісті 17%-ға өсірді, бірақ бұл операциялық шығындар мен салық шығынын жабуға жетпеді.
Операциялық шығындар 75,8%-ға, ал КТС шығыны 60,9%-ға артқан. Ең көп өскен баптардың бірі – еңбекақы шығындары. ForteBank пен Home Credit-те шамамен 4 мыңнан қызметкер жұмыс істейді, сондықтан біріктіруден кейін персонал саны күрт көбейген.
Bank RBK: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Bank RBK: шығынды азайтты, бірақ валюта операциялары қысым жасады
Bank RBK пайдасы 2,7 млрд теңгеге немесе 15,5%-ға төмендеді. Бұл банк операциялық шығындарын қысқарта алғандардың бірі. Негізінен қайырымдылық және демеушілік шығындары азайтылған.
Алайда валюталық туынды құралдар бойынша нәтиже күрт нашарлады. Бір жыл бұрын бұл операциялар банкке 2,5 млрд теңге таза табыс әкелсе, биыл 5 млрд теңге шығын көрсеткен. Осы фактор банк пайдасын төмендетті.
Bereke Bank: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Bereke Bank: катарлық инвесторлар келгенімен, нәтиже әлсіз
Bereke Bank-тің пайдасы 40,5%-ға немесе 5,3 млрд теңгеге азайды. Банк таза пайыздық кірісті сәл өсіргенімен, басқа бағыттарда табыс жетіспеді.
Әсіресе карточкалық бизнес нашар нәтиже көрсетті. Таза комиссиялық кіріс минусқа кетті: төлем карталары бойынша операциялардан 2,3 млрд теңге шығын тіркелді. Бұған қоса, валюта саудасынан түсетін табыс та қысқарды.
Еуразиялық банк: 2025 және 2026 жылғы факт көрсеткіштер
Еуразиялық банк: сегіздік ішіндегі ең әлсіз нәтиже
Еуразиялық банк ең ауыр соққы алғандардың бірі болды. Оның таза пайдасы тура екі есе қысқарды. Бұл – сегіз ірі әмбебап банк ішіндегі ең нашар динамика.
Банктің таза пайыздық кірісі 61%-ға төмендеді. Кредит портфелі бір жылда небәрі 1,1%-ға өскен. Ал депозиттер бойынша шығын көбейген. Яғни банк кредиттен аз табыс тапқан, бірақ клиенттердің депозиттеріне көбірек пайыз төлеген.
Комиссиялық кіріс те нашарлады. Агенттік қызметтен түсетін комиссиялар күрт қысқарған. Бұған 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап сақтандыру сыйақысына қатысты агенттік комиссияға шектеу енгізілуі әсер еткен.