Lifestyle

Молдова билігі комик Нұрлан Сабуровты «қара тізімге» енгізді

Нұрлан Сабуров Молдовада шоу ұйымдастыра алмайды / фото: Youtube/Saburovnurlan

Молдова мәдениет министрлігі республика қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін әртістердің тізімін жариялады. Қара тізімде қазақстандық Нұрлан Сабуров та бар.

Тізімде ТМД елдерінің 26 әртісі мен тобы бар. Нұрлан Сабуровтан басқа, оған Леонид Агутин, Диана Арбенина, Morgenshtern, DJ Smash, Basta, «Руки Вверх» (Сергей Жуков), «tATu» және эстраданың басқа да өкілдері енді. Олар Молдова аумағында концерт немесе басқа да мәдени шара ұйымдастыра алмайды.

Мәдениет министрлігі осы құжат кеңес беру мақсатында жарияланғанын, онда ешқандай тыйым қарастырылмағанын ескертті.

Кейінгі уақытта Сабуров есімі геосаяси жанжалдарда жиі аталып жүр. Әлеуметтік желіде оның ресейлік әскери еріктілерге немесе «Вагнер» тобына көліктер мен мотоциклдер жеткізіп, демеушілік жасағаны туралы ақпарат пен видеолар тараған.

Украина билігі комиктің үстінен «агрессор мемлекетке жәрдемдесу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған. Қазақстанның құзырлы мекемелері де Сабуровты тексеріп жатқанын мәлімдеген.

Жақында Нұрлан Сабуровтың отбасы толығымен Қазақстанға көшіп келгені мәлім болды.