Зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу қарастырылып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу қарастырылып жатыр
Зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу қарастырылып жатыр / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Еңбек министрлігі зейнетақы жүйесін реформалау үшін Сингапур моделін зерттеп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.

Айтуынша, үлгіні талқылау келесі аптаға жоспарланып отыр.

«Зейнетақы жүйесін реформалауды әлі де қарастырып жатырмыз. Осы орайда қосымша ұсыныстар пайда болды. Оның бірі зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу болды. Келесі аптада дәл осы үлгіні талқылаймыз. Сингапур моделі де жинақтауды қарастырады, яғни ақша жинау міндетті, бірақ сонымен бірге тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі де бар», – деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда.

Қазіргі уақытта министрлік сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр, содан кейін ұсыныстар жұмыс тобының қарауына жіберіледі.

«Қалай болғанда да, біз осы ұсыныстардың ішінен ең тиімді ортақ нұсқаны таңдаймыз. Соның негізінде зейнетақы жүйесін алдағы уақытта қалай дамитынын көрсететін түпкілікті пакетті дайындаймыз», – деп толықтырды Асқарбек Ертаев.

Министр бұған дейін елде «4+1» моделі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынған зейнетақы жүйесі талқыланып жатқанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз