Жамбылда тексерістен кейін қызметкерлердің еңбек демалысы ұзартылды

Жамбыл облысында прокуратура тексерісінен кейін ондаған азаматтық қызметкерге көбірек еңбек демалысы және сауықтыру жәрдемақысына қатысты құқықтары қайтарылды.
Т. Рысқұлов ауданының әкімдігі мен оған бағынысты мекемелер 58 қызметкерге 24 күнтізбелік күн ғана демалыс беріп, тиесілі сауықтыру жәрдемақысын төлемей келгені анықталды.
«Бұл еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келеді. Еңбек кодексінің 139-бабына сәйкес, азаматтық қызметшілердің 30 күнтізбелік күннен тұратын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына және сауықтыру жәрдемақысына құқығы бар», – деп түсіндірді қадағалау органының баспасөз қызметі.
Прокуратураның араласуынан кейін қызметкерлерге өткен жылдар үшін тиесілі төлемдер қайта есептелді. Нәтижесінде олардың жыл сайынғы еңбек демалыстары 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылып, жалпы сомасы 9,8 млн теңге болатын жәрдемақы төленді.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылы 15 қызметкер сауықтыру төлемі бар 30 күндік демалыс құқығын пайдаланып үлгерген.
Айта кетейік, осыған дейін қазақстандықтардың 74%-ы жазғы демалыс кезінде де жұмыстан қол үзбейтінін жазған едік.