Журналистерге президенттің атынан пәтер кілттері табыс етілді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Журналистерге президенттің атынан пәтер кілттері табыс етілді / Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кәсіби мереке қарсаңында Астанада журналистерге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілттері табысталды.

Шараны «Dara» президенттік бастамалар қоры ұйымдастырды.

Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қолдау бағдарламасы осымен төртінші жыл қатарынан жалғасып жатқанын атап өтті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Оның айтуынша, биыл бұл жоба алғаш рет елорда шекарасынан тыс шықты. Пәтерлерді тек Астанадағы ғана емес, сонымен қатар еліміздің өңірлеріндегі журналистер де алды.

«Бұл бастаманың мақсаты – журналистерді қолдау және аймақтық журналистиканы дамыту. Биыл еліміздің ең шалғай түкпірлеріндегі әріптестеріміз де өз баспаналарына ие болады. Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Түркістан облысының Созақ ауданынан келген журналистер қоныс тойын тойлайды», – деді Айбек Смадияров.

2026 жылы БАҚ қызметкерлеріне жалпы саны 66 пәтер беріледі: 15-і – Астанада, 15-і – Алматыда және тағы 36 пәтер еліміздің 18 өңіріне (әр аймаққа екіден) бөлінеді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж журналистердің тізімі «Dara» президенттік бастамалар қоры, президент Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және БАҚ редакцияларымен бірлесіп жасақталды.

Осыған дейінгі үш жыл ішінде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының 200 қызметкері Президенттің атынан тұрғын үй сертификаттарының иегері атанған болатын.

Бұған дейін 22 мамырда  Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай президент атынан 60 пәтердің кілті табысталған еді. Мәдениет саласы қызметкерлеріне 13 мемлекеттік награда берілді.

Сондай-ақ оқыңыз