«Әкеме ренжімеймін»: Арсен Алагөзов әкесі Тұрсынмен қарым-қатынасы жайлы

Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтың ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға сұхбат берді. Шымкенттегі сыра зауытын басқаратын Арсен әкесімен қарым-қатынасы, сегіз жылдық реніші туралы айтып берді.
Арсеннің сөзінше, 8 жыл әкесімен араласпай кеткеннен кейін бірінші рет 2024 жылы 17 сәуірде кездескен.
«Мен бірден айттым, сенің қаржылай мүмкіндіктерің де, билігің де керек емес. Сегіз жылда «әкем бар» деген сезімнен айырылып қалдым, соны қайта сезінгім келді. Ол нәрсе (әкесіз жүру – ред.) өзіңе деген сенімсіздікке әкеледі екен. Осы жерден әкеммен қайта байланысуыма мүмкіндік берген бауырым Әминаға рахмет айтқым келеді», – деді ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында.
8 жыл бойы Арсен Алагөзов Канадада өмір сүрген, кейін Мәскеуде консалтинг агенттігінде жұмыс істеген. Әкесімен қайта қауышқаннан кейін Тұрсын Алагөзов ұлына Шымкенттегі сыра зауытын басқаруды ұсынған. Ал анасы, Тұрсын Алагөзовтың экс-әйелі Ләйсара Маратова батасын берген.
«Анам қуанды, бірден сенің қолыңнан келеді деп қолдау білдірді. Анам мен үшін әр түн сайын дұға қылатынын білемін, оны күнделікті сеземін», – дейді Арсен Алагөзов.
Қазір ол Шымкент сыра зауытының директоры, ал әкесі Тұрсын зауыттың қаржылай, өндірістің және логистикалық ағындарын басқарады.
2024 жылдың ақпанында бизнесмен Тұрсын Алагөзов бұл кәсіпорынды Тимур Жаңабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алды. Содан бері Алагөзов Шымкент сыра зауытына 40 млн доллар инвестиция құйды. Бұл соманың шамамен 15 млн доллары қоймалар мен жабдықтар орналасқан, алаңы 20 мың шаршы метр болатын жаңа ғимараттардың құрылысына және коммуникациялар жүргізуге жұмсалды.
Кәсіпкер бірінші әйелі Ләйсара Маратпен ажырасып, продюссер Баян Алагөзовпен үйленді. Әйелімен ажырасқаннан кейін балалары да онымен араласпай кеткен еді.
Тағы да оқыңыз: Тұрсын Алагөзов: барынан айырылып, қайта бизнес-империя құрған кәсіпкер