Елде ашық есік күні өткізіліп, 30 адамнан қатерлі ісік анықталды

27 маусымда еліміздің барлық онкологиялық орталықтарында Бірыңғай ашық есік күні өтті. 30 адамнан қатерлі ісік және соған күдікті белгілер анықталды деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Ұйымдастырылған шара барысында қатерлі ісіктен бөлек, тағы 43 адамнан обырға дейінгі жағдай белгілі болды. Сондай-ақ дәрігерлер әрі қарай бақылауды, қосымша тексеруді немесе шұғыл емдеуді қажет ететін өзге де аурулардың 287 жағдайын тіркеді.
Ауқымды акция аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 579 азамат онкоурологтар мен бейінді мамандардың тегін кеңесін алып, тиісті тексерулерден өтті. Дәрігерлер жалпы саны 386 диагностикалық зерттеу жүргізді, оның ішінде 14 пациентке төмен дозалы компьютерлік томография жасалды.
Мамандар ауруды асқындырмау үшін мұндай профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұру қажеттігін тағы да еске салады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандық оқушы ЖИ көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты