Павлодарда баланы қасықпен ұрған тәрбиешіге іс қозғалды

Павлодарда баланы қасықпен ұрып, денесін көгертіп қойған тәрбиешіге қатысты іс қозғалды. Ата-анасы маманның үстінен полицияға арыз жазған.
Павлодардағы жеке бақшалардың бірінде болған оқиғаның видеосы желіде таралып кетті. Баланың анасы сәбиінің денесі көгергенін байқап, камералардағы жазбаларды қарап шыққан.
Онда тәрбиешінің балаларды ұйықтатып жатқан сәті көрсетілген. Ол бүлдіршінді арқасынан қағып ұйықтатпақ болады, арасында бір-екі рет үстінен басып қалған. Ал екінші кадрда қасығын жерге түсіріп алған балаға келіп, қасықты алып қолынан ұрады. Енді тәрбиешінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.
Тағы да оқыңыз: Теміртауда балаларды ұрған видеодан кейін тәрбиешіге қатысты тексеру басталды