Қытай компаниялары Абай облысына 2,5 млрд доллар инвестиция салмақшы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, көрші Қытай елінің кәсіпкерлері елде көлік және логистика, тау-кен өндірісі және құрылыс сияқты салаларда бірқатар маңызды жобаланы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Абай облысының делегациясы әлеуетті инвесторлар іздеу мақсатында Қытайдың бірнеше өңірін аралады. Ең ірі тау-кен холдингтерінің бірі 1 млрд АҚШ долларын инвестициялауға келісті. Компания Қазақстанда алюминий зауытын салады. Жоба инвестордың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Бұған дейін біз келіссөздер жүргізген болатынбыз. Енді сөзден іске көшетін уақыт келді деп ойлаймын. Біз жобаны жүзеге асыруға осы жылдың өзінде-ақ кірісуге дайынбыз. Ол іске қосылғаннан кейін кем дегенде екі мың жұмыс орны ашылады«, – деді Jiachen Group компаниясының жетекшісі Сунь Шоукуан.
Сонымен қатар Берік Уәли «DDS Group» компаниясының директоры Хуа Дунъимен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында жалпы аумағы 3 000 гектар болатын өнеркәсіптік парк құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Қытайлық бизнесмендердің сенімін арттыру үшін Үрімжіде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кеңсесі ашылды. Онда инвесторларға өңірдің әлеуеті мен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпарат тұрақты түрде ұсынылып тұрады.