2026 жылы запастағы үш мың әскери міндетті оқу-жаттығу жиындарына тартылады

Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылады.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, аталған іс-шаралар резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіру, практикалық дағдыларды жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, сондай-ақ Қарулы күштерді жұмылдырудың дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылмақ.
«Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі», – делінген ақпаратта.
Министрліктің мәліметінше, азаматтар арнайы шақырту негізінде шақырылады. Оны алған тұлғалар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келмеген жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту Қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Азаматтардың жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Жұмыс істейтіндерге заңнамаға сәйкес орташа жалақы төленеді. Ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.
Айта кететін жайт, енді әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматта ұйымдастырылмақ.