Полиция формасымен видео түсірген: Астанада блогер жазаланды

Астанада полицейлер видеороликтер түсіру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің формасын заңсыз пайдаланған ер адамды іздеп тапты.
Елордалық полиция департаменті хабарлағандай, «погон таққан блогер» өз видеоларымен тәртіп сақшыларының жұмысына нұқсан келтірген.
Күмәнді контент әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде полицейлердің назарына ілінген. Автордың кім екені тез анықталды – ол елорданың 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны полиция бөліміне жеткізді.
«Аталған факті бойынша ер адам арнайы киім-кешек пен айырым белгілері бар нысанды киімді заңсыз киіп жүргені, сондай-ақ заңсыз контентті орналастырғаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», – деп хабарлады Астана қалалық ПД.
Полиция департаменті құқық қорғау органдарының формасы мен символикасын заңсыз пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Ведомство сонымен қатар интернет кеңістігіне мониторинг тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Қазақстандық блогер Алексей Лодочников Instagram желісінде жарияланған роликке байланысты үстінен полицияға арыз жазылғанын жазған едік.