Health

Мамандар артық салмақтан арылуға көмектесетін жемісті атады

Фото: Verywell Health

Шабдалы – жаз мезгілінде жиі тұтынылатын әрі денсаулыққа пайдалы жемістердің бірі. Мамандардың айтуынша, оның құрамындағы дәрумендер, минералдар, антиоксиданттар мен жасұнық (клетчатка) ағзаның көптеген қызметіне оң әсер етеді. Бұл туралы Kursiv.media Verywell Health дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ас қорыту жүйесіне пайдасы

Бір орташа шабдалының (нектариннің) құрамында шамамен 2,4 грамм өсімдік талшығы (клетчатка) бар. Ол ішектің қалыпты жұмысын қолдап, іш қатудың алдын алуға көмектеседі.

Жемістің құрамында ерімейтін және еритін өсімдік талшықтары болады. Ерімейтін талшықтар ішек қозғалысын жақсартса, еритін талшықтар ішектегі пайдалы бактериялардың қоректенуіне ықпал етеді.

Тері мен иммунитетке пайдалы

Шабдалының қабығы полифенолдар, С дәрумені және бета-каротин, криптоксантин сияқты каротиноидтарға бай. Бұл заттар ағзаны бос радикалдардың әсерінен болатын тотығу стрессінен қорғауға көмектеседі.

Сонымен қатар олар коллагеннің түзілуін қолдап, иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Артық салмақтың алдын алуға көмектеседі

Шабдалының құрамындағы өсімдік талшығы артық калория қоспай-ақ тоқтық сезімін ұзартады. Бұл тәбетті бақылауға және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға көмектеседі.

Сонымен қатар өсімдік талшығы ішек микрофлорасының тепе-теңдігін сақтап, май алмасу үдерісінің дұрыс жүруіне ықпал етеді.

Сүйекті нығайтуға көмектеседі

Аталған жемістің құрамында қанның ұю үдерісіне қатысатын әрі сүйек тінінің саулығын сақтауға көмектесетін К дәрумені бар. Бұл дәрумен остеопороз бен сүйек сыну қаупін азайтуға ықпал етеді.

Жүрекке пайдалы

Мамандардың айтуынша, сүйекті жемістерді, соның ішінде шабдалыны тұрақты тұтыну жүрек-қан тамырлары жүйесінің саулығына оң әсер етеді. Бұл олардың құрамындағы өсімдік талшығы мен антиоксиданттардың көп болуына байланысты.

Олар холестерин деңгейін төмендетуге, іш аймағындағы артық майдың жиналуын азайтуға және ағзаның инсулинге сезімталдығын жақсартуға көмектеседі. Соның нәтижесінде метаболикалық синдромның, инфаркт пен инсульттің даму қаупі төмендеуі мүмкін.

Қатерлі ісік қаупін төмендетуі мүмкін

Мамандар жемістің құрамындағы полифенолдар қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің алдын алуға көмектесуі мүмкін екенін айтады. Атап айтқанда, бұл қуықасты безі, сүт безі, тері және қуық обырының даму қаупін төмендетуге ықпал етуі ықтимал.

Көру қабілетін қорғайды

Шабдалының (нектариннің) құрамындағы лютеин мен зеаксантин антиоксиданттары көздің торлы қабығын жасқа байланысты өзгерістерден қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ олар көздің орталық көру аймағының зақымдану қаупін азайтуға ықпал етеді.

Құрамы мен тағамдық құндылығы

Бір орташа шабдалының (нектариннің) (142 г) құрамында:

  • Лютеин мен зеаксантин – 185 мкг.
  • Калориясы – 60 ккал;
  • Өсімдік талшығы (клетчатка) – 2,41 г;
  • Көмірсулар – 15,1 г;
  • Ақуыз – 1,5 г;
  • Кальций – 8,5 мг;
  • Калий – 285 мг;
  • Магний – 12,8 мг;
  • Фосфор – 36,9 мг;
  • С дәрумені – 7,67 мг;
  • Мыс – 0,12 мг;
  • Ниацин (В3 дәрумені) – 1,57 мг;
  • Темір – 0,398 мг;

Еске салайық, бұған дейін қарбыздағы нитраттың мөлшерін қалай білуге болатыны жайлы жазған едік.