Lifestyle

Алтай тауларын мекендеген қар барысының үш алаңы есейді (видео)

Қатонқарағай табиғи паркін мекендеген қар барысы
Қар барысының күшігі – алаң / «Қазақ орманы» видеосынан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген сурет

Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі аумағын мекендеген қар барысының үш күшігі қайта-қайта фототұзаққа түсті. Мамандар Алтай тауларында түсірілген видеоларға қарап, алаңдар есейіп қалғанын байқады.

Орманшы Жомарт Аманбаев қар барысының тіршілігін зерттеу мақсатында биік тау жоталарына фототұзақ орнатқан. «Қазақ орманы» мекемесінің мәліметінше, қысқы кадрлардағы кішкентай алаңдар әжептәуір өсіп, қазір анасымен бірге асқар тауларды еркін кезіп жүр.

«Жабайы табиғатта мұндай сәттердің тіркелуі – өте құнды дерек. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың табиғи мекенінде қауіпсіз өсіп-өніп, ұрпағын аман жеткізіп жатқанын көрсетеді», – деп есептейді «Қазақ орманы» мамандары.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қатонқарағайда қоңыр аю, тауешкі, құны және қасқыр фототұзаққа түскен. Шамамен бір апта бұрын осы маңды мекендеген бір үйір қабанның видеосы жарияланған.

Жақында Алтын Емел ұлттық табиғи паркі аумағында дала қыранының екі ұясына фототұзақ орнатылған. Арнайы камера Қызыл кітапқа енген жыртқыш құсты зерттеу үшін қажет. Өйткені Қазақстан туындағы қыран кейінгі жылдары күрт азайып барады.