Қарашығанақтағы мұнай-газ өндірісі 10 пайызға азайған

Жарияланды
SMM бөлімінің жетекшісі
Business news бөлімінің редакторы
Қарашығанақ Карачыганак мұнай газ кен орны
Қарашығанақ кен орнындағы газ өндірісі қайта қалпына келіп жатыр / фото: REUTERS

Қарашығанақ кен орнында сұйық көмірсутек өндірісі 10%-ға төмендеп, тәулігіне 28 мың тоннаны құрап отыр. Бұған дейін аталған кен орнында тәулігіне 31 мың тонна шикізат өндіріліп келген.

«Қазіргі уақытта кен орнында өндіріс тұрақталды деп айтуға толық негіз бар. Жалпы қазіргі шектеулер бұған дейінгі оқиғалардың салдарынан болып отыр. Дегенмен Қарашығанақтағы өндіріс көлемін тәулігіне шамамен 28 мың тоннаға дейін көтере алдық. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрын бұл көрсеткіш 31 мың тонна болатын», – деді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов журналистерге.

Бұған дейін Энергетика министрлігі өндіріс көлемі 25 мың тоннаға дейін (9 мың тоннаға) төмендегенін хабарлаған. Өйткені Қарашығанақта өнідірілетін шикі газ Ресейдің Орынбор облысында орналасқан зауытта өңделетін. Бұл зауытқа украин дрондары шабуыл жасап, кәсіпорын шикізат қабылдауды азайтқан еді.

Алайда «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, өндіріс ішінара қалпына келтірілді.

Ол Қарашығанақтағы бұл жағдай мен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмысы ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге ешқандай теріс әсер етпейтінін нақтылады.

Елде газ және мұнай өнімдері толық жеткізіліп жатыр. Бензин мен дизель отынының 30 күнге жететін жеткілікті қоры жинақталған.

Сонымен қатар Ресей тарапының Қазақстаннан 50 мың тонна Аи-92 бензинін сұратқаны туралы ақпаратқа қатысты Энергетика министрлігі ресми сұраныстың түспегенін хабарлаған еді. Осы ретте «ҚазМұнайГаз» басшылығы компания тек отандық үш ірі МӨЗ-дегі өндіріс процесіне жауапты екенін алға тартып, отын экспортына қатысты мәселеде пікір білдіруден бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз